Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен аса маңызды минералдар, соның ішінде сирек кездесетін металдар саласын дамыту мәселелеріне арналған Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті.
Мемлекет басшысы қазіргі геосаяси және экономикалық ахуал жағдайында аса маңызды материалдардың стратегиялық мәні артып келе жатқанын атап өтті. Әлемде табиғи ресурстарға, оның ішінде сирек және стратегиялық металдарға қол жеткізу үшін мемлекеттер арасындағы бәсекелестік күшейіп отыр. Бұл үрдіс Қазақстан үшін өз ресурстық әлеуетін тиімді пайдаланып, жаңа өндірістік мүмкіндіктерді дамытуға жол ашады.
Президент Қазақстанның табиғи ресурстар қоры мен өндірістік әлеуеті жөнінен Орталық Азияда жетекші орын алатынына назар аударды. Осы артықшылықтарды ұлттық мүддеге сай пайдалану қажеттігін айтты.
– Қазба байлығы мол елдер үшін әлемдегі қазіргі ахуал тиімді әрі бірегей мүмкіндіктерге жол ашып отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев аса маңызды минералдар саласын дамыту жоғары технологиялық өндірістерді қалыптастырумен тікелей байланысты екенін атап өтті. Сондықтан шикізатты тек өндірумен шектелмей, оны терең өңдеу, қосылған құны жоғары өнім шығару және толыққанды өндірістік тізбектер құру маңызды.
Жиын барысында Үкімет мүшелері саланың қазіргі жағдайы, минералдық ресурстар қорын игеру перспективалары, геологиялық барлау жұмыстары, қайта өңдеу өндірісін дамыту және қолданыстағы кедергілер жөнінде баяндады.
Отырыс қорытындысында Үкіметке және жауапты мемлекеттік органдарға аса маңызды минералдар саласын дамыту бойынша жүйелі тәсіл қалыптастыру тапсырылды. Сонымен қатар геологиялық барлау мен өңдеу жұмыстарын жетілдіру, техногенді минералдық түзілімдерді экономикалық айналымға енгізу, зертханалық базаны күшейту және білікті кадрлар даярлау мәселелеріне басымдық беру міндеттелді.
Мемлекет басшысы әкімшілік кедергілерді азайтып, саланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған нақты шаралар қабылдауды тапсырды.