Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Еріктілер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі Тойли Курбановпен кездесті. Кездесу барысында Қазақстандағы волонтерлік қозғалысты дамыту, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және еріктілердің қоғамдағы рөлін арттыру мәселелері талқыланды.

Президент Тойли Курбановқа Қазақстанның волонтерлік бастамаларын дәйекті түрде қолдағаны және Астанада өтіп жатқан ТМД волонтерлер форумына қатысқаны үшін ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысы Қазақстанда еріктілік қозғалысына ерекше мән берілетінін атап өтті.

Бұл бағыттағы жұмыстардың халықаралық деңгейде де маңызы зор. Қазақстанның 2026 жылды БҰҰ Бас Ассамблеясы қолдаған Халықаралық еріктілер жылы ретінде жариялау жөніндегі бастамасы еліміздің волонтерлік саланы дамытуға қосқан үлесін айқындайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілікті шынайы патриотизмнің және жастарға көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың маңызды көрінісі ретінде бағалады. Осы ұстанымның нәтижесінде волонтерлік қағидаттары жаңа Конституцияда бекітіліп, еріктілер қызметін ынталандыру алғаш рет конституциялық деңгейде айқындалды.

Бүгінде елімізде Халықаралық еріктілер жылы аясында мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылуда. Волонтерлер саны 300 мыңға жуықтап, олардың қоғамдық өмірдің түрлі салаларына белсенді қатысуы артып келеді.

Сонымен қатар волонтерлік қозғалысты 2030 жылға дейін дамыту тұжырымдамасы әзірленуде. Еріктілердің цифрлық паспорты енгізіліп, мемлекеттік қолдау тетіктері мен өңірлік волонтерлік инфрақұрылым жетілдіріліп жатыр.

Мұндай жүйелі шаралар Қазақстандағы еріктілік мәдениетін одан әрі қалыптастырып, азаматтардың қоғамдық бастамаларға белсенді араласуына жаңа мүмкіндік береді. Волонтерлік қозғалыстың дамуы өзара көмек, жауапкершілік пен елжандылық құндылықтарын нығайтуға ықпал ететіні сөзсіз.