Шымкенттің Тұран ауданында балалардың терезеден құлау жағдайларының алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Тұран ауданы әкімдігі мен аудандық Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері «БИІК» көпқабатты тұрғын үйіндегі 100-ге жуық пәтерді аралап, ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмау және терезелерге қауіпсіздік құралдарын орнатудың маңызын түсіндірді.
Шара барысында екі отбасына терезе блокираторлары орнатылып берілді.
Аудандық Төтенше жағдайлар басқармасының офицері, аға лейтенант Диас Мақұлбектің айтуынша, биыл Тұран ауданында балалардың терезеден құлауына байланысты үш жазатайым оқиға тіркелген. Осыған байланысты алдын алу және түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
Мамандар балалардың қауіпсіздігі ең алдымен ата-аналардың жауапкершілігінде екенін ескертіп, терезелерді ашық қалдырмауға және қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды.
Бір сәттік немқұрайлылық орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Сондықтан мамандар ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне күнделікті көңіл бөліп, терезелерді қорғау құралдарымен жабдықтауға шақырады. Шара барысында тұрғындар мамандардың кеңестерін тыңдап, балалар қауіпсіздігіне қатысты өздерін толғандырған сұрақтарын қойды.
Мамандар ата-аналарға терезе маңындағы жиһаздарды алыстатып, балалардың терезеге өздігінен шығуына мүмкіндік бермеуді ескертті. Сондай-ақ москиттік торлар баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етпейтінін айтып, терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын орнатуға кеңес берді.
Қауіпсіздік ережелерін сақтау – қайғылы жағдайдың алдын алудың ең тиімді жолы. Баланың өмірі мен қауіпсіздігіне бейжай қарамай, ата-аналарды сақтық шараларын күшейтуге шақырамыз.
Алдын алу шаралары алдағы уақытта да жалғасады.