Шымкент қаласының Тұран ауданындағы Ақжар шағын ауданында тұрғындар үшін тағы бір жаңа әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Белқұдық көшесі бойында заманауи балалар ойын алаңы ашылып, жергілікті тұрғындардың игілігіне ұсынылды.

Жаңа нысан «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жүзеге асырылған. Жобаны іске асыруға жергілікті бюджеттен 35 млн теңге бөлінген. Ойын алаңының бой көтеруіне шағынаудан тұрғындарының ұсыныстары негіз болған. Бұл өз кезегінде азаматтардың қала аумағын абаттандыруға және қоғамдық кеңістіктерді дамытуға белсенді қатысып келе жатқанын көрсетеді.

Балалар ойын алаңы қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталып, балалардың бос уақытын тиімді әрі қызықты өткізуіне қолайлы жағдай жасалған. Мұнда әртүрлі ойын құрылғылары орнатылып, аумақ абаттандырылған. Жаңа нысанның ашылуы әсіресе балалар мен ата-аналар үшін қуанышты жаңалық болды.

Тұран ауданында балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға арналған инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Биыл аудан аумағында жалпы 28 балалар ойын алаңын салу жоспарланған. Ақжар шағынауданындағы жаңа нысан – осы жоспар аясында пайдалануға берілген 12-ші ойын алаңы.

Ашылу рәсімі барысында балаларға арналған мерекелік бағдарлама ұйымдастырылып, бүлдіршіндер түрлі ойындар мен көңілді шараларға қатысты. Тұрғындар үшін де арнайы мәдени-ойын-сауық бағдарламасы ұсынылып, жаңа алаңның мүмкіндіктері таныстырылды.

Жергілікті тұрғындар жаңа ойын алаңының ашылуын оң бағалап, балаларға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған жұмыстар үшін ризашылықтарын білдірді. Олардың айтуынша, мұндай нысандар шағынаудандағы қоғамдық ортаның сапасын арттырып, балалардың таза ауада уақытын пайдалы өткізуіне мүмкіндік береді.

Қала аумағында балаларға арналған ойын және спорт алаңдарын көбейту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Бұл – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, аулаларды абаттандыруға және өскелең ұрпақ үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған маңызды жұмыстардың бірі.