Шымкент қаласында санитариялық-эпидемиологиялық және ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында масаларға қарсы дезинсекциялық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл шаралар тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырып, жәндіктердің таралуын болдырмауға бағытталған.
Бүгін қаладағы Абай саябағында масаларға қарсы залалсыздандыру жұмыстары атқарылды. Арнайы мамандар саябақ аумағын белгіленген талаптарға сәйкес өңдеп, масалардың таралуы ықтимал орындарға тиісті шаралар жүргізді. Дезинсекция жұмыстары санитариялық нормалар мен қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жүзеге асырылуда.
Қала аумағында аталған бағыттағы жұмыстар наурыз айынан бері кезең-кезеңімен ұйымдастырылып келеді. Оған 30 дезинсектор мен 20 арнайы техника жұмылдырылған. Жалпы дезинсекциялық шаралар 14 саябақ, 38 өзен-канал, 49 гүлзар мен аллеяны қамтиды. Мамандар жәндіктердің көбеюіне қолайлы аумақтарды анықтап, тиісті өңдеу жұмыстарын жүргізуде.
Залалсыздандыру барысында сертификатталған «Тиаметрин» препараты қолданылады. Препарат белгіленген талаптарға сай пайдаланылып, өңдеу жұмыстары мамандардың бақылауымен жүргізіледі. Мамандардың айтуынша, препарат нұсқаулыққа сәйкес қолданылған жағдайда адам мен жануарларға қауіп төндірмейді.
Дезинсекция жұмыстарының тиімділігін арттыру мақсатында өңдеу жұмыстары тұрақты түрде қайталанып отырады. Бұл масалардың санын азайтып қана қоймай, олардың қайта таралуының алдын алуға мүмкіндік береді.
Қаланың жасыл аймақтары мен қоғамдық орындарында санитариялық тазалықты сақтау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Масаларға қарсы дезинсекциялық шаралар қыркүйек айының соңына дейін кезең-кезеңімен жүргізіледі.
Тиісті жұмыстардың басты мақсаты – қала аумағында санитариялық қолайлы жағдай қалыптастырып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету.