Шымкент қаласында соңғы үш жылда мегаполисте көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды.

Соңғы үш жылда 1 500 шақырымнан астам автомобиль жолы жөнделді. Екі ірі жолайрық пайдалануға беріліп, Момынов көшесіндегі теміржол өткелі іске қосылды. Биыл Бәйдібек би – Төлеметов көшелерінің қиылысындағы жолайрық пен Тіленшин көшесіндегі теміржол өткелінің құрылысы аяқталады.

Бірнеше жыл бойы түрлі себептермен созылған Қонаев даңғылы мен А-2 транзиттік айналма жолын реконструкциялау жұмыстары да мәресіне жақындады. Аталған нысандар қаланың оңтүстігі мен солтүстігін байланыстырып, көлік қозғалысын жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Әуе қатынасы саласында да маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Шымкентте жаңа халықаралық әуежай іске қосылды. Қазіргі таңда жаңа ұшу-қону жолағының құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, теміржол вокзалы қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді.

Көше жарықтандыру бағытында да айтарлықтай нәтижеге қол жеткізілді. 2023 жылға дейін қаладағы 6 882 көшенің 2 196-сы ғана жарықтандырылған, қамту деңгейі 30 пайызды құраған. Соңғы жылдары 4 686 көшеге жарықтандыру жүйесі орнатылып, негізгі көшелердің жарықтандырылу деңгейі 100 пайызға жеткізілді.

Сонымен қатар, Шымкентте алғаш рет қоғамдық көлікте тегін жүретін азаматтар санатына 70 жастан асқан зейнеткерлер мен мектеп оқушылары қосылды. Қоғамдық көлік паркі де жыл сайын кезең-кезеңімен жаңартылып келеді.

Үш жыл бұрынғы Шымкент пен бүгінгі Шымкенттің айырмашылығы ең алдымен көлік инфрақұрылымынан анық байқалады.

Жаңа жолдар, жолайрықтар мен теміржол өткелдері салынып, қоғамдық көлік жаңарып, қала көшелері жарықтандырылуда.

Бұл — Мемлекет басшысының тапсырмаларының Шымкентте нақты жобалар арқылы жүзеге асырылып, нәтижесінің қала тұрғындарының күнделікті өмірінен көрініс тауып отырғанының айқын дәлелі.