Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлемнің үздік теннисшісі атанған Елена Рыбакинаны WTA рейтингінде бірінші орынға шығып, «Әлемнің бірінші ракеткасы» атағына ие болуымен құттықтады.
Мемлекет басшысы спортшының бұл жетістігі қазақ спорты үшін тарихи оқиға екенін атап өтті. Президенттің құттықтауында Елена Рыбакинаның айрықша таланты, тынымсыз еңбегі және өз күшіне деген нық сенімі оны әлемдік теннистің ең биік белесіне алып шыққаны айтылды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың атап өтуінше, WTA рейтингінде көш бастау – спортшының ұзақ жылдар бойғы еңбегі мен жоғары кәсіби шеберлігінің нәтижесі. Елена Рыбакинаның тарихи жеңісі Қазақстан спортының халықаралық аренадағы беделін арттырып, еліміздің көк туын әлемге кеңінен таныта түсті.
Мемлекет басшысы даңқты теннисшінің есімі әлемдік теннис тарихынан лайықты орын алғанын жеткізді. Сонымен қатар оның жетістікке толы спорттық жолы Қазақстанның жас спортшыларына ғана емес, дүниежүзіндегі миллиондаған теннис жанкүйеріне үлгі-өнеге екеніне ерекше тоқталды.
Президент құттықтауында Елена Рыбакинаның тек спорттағы жетістіктері ғана емес, оның корттағы және қоғамдық ортадағы жоғары мәдениеті мен парасаттылығы да айрықша аталып өтті. Мемлекет басшысы мұндай қасиеттер спортшының адами болмысы мен тұлғалық деңгейінің жарқын көрінісі екенін жеткізді.
Елена Рыбакинаның әлемдік рейтингтің көшін бастауы – қазақстандық спорт тарихындағы маңызды белес. Бұл жетістік еліміздегі теннистің дамуына жаңа серпін беріп, жас ұрпақтың спортқа деген қызығушылығын арттыра түсетіні сөзсіз.
Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаға чемпиондарға тән жалынды рух пен жігерден қуат алып, алдағы уақытта да жаңа белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді.