Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұхановты қабылдады. Кездесу барысында еліміздегі төтенше жағдайлардың алдын алу, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азаматтық қорғау жүйесін одан әрі жетілдіру мәселелері талқыланды.

Президент Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметіндегі негізгі басымдықтарды айқындап, ведомство жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді. Мемлекет басшысы, ең алдымен, маусымдық төтенше жағдайларға алдын ала дайындық жүргізудің маңыздылығына тоқталды. Бұл ретте ықтимал табиғи және техногендік қауіптердің алдын алу, жедел әрекет ету тетіктерін жетілдіру және тиісті қызметтердің өзара іс-қимылын күшейту қажеттігі атап өтілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев аудандық және ауылдық жерлердегі бөлімшелердің материалдық-техникалық базасын одан әрі нығайтуды тапсырды. Құтқару қызметтерінің заманауи техникамен және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі төтенше жағдайларға жедел ден қоюдың маңызды факторы екеніне назар аударылды.

Кездесуде өрт қауіпсіздігін сақтау, өнеркәсіптік нысандардағы қауіптердің алдын алу және сейсмологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше мән берілді. Сонымен қатар халықты төтенше жағдайлар туралы уақтылы хабардар ету жүйесін жетілдіру қажеттігі айтылды.

Мемлекет басшысы заманауи цифрлық технологияларды кеңінен қолданудың маңыздылығын атап өтті. Атап айтқанда, төтенше жағдайларды алдын ала болжау, ықтимал қауіптерді ерте анықтау және олардың салдарын азайту үшін цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану міндеті қойылды.

Президент құтқарушылардың кәсіби даярлығын күшейтуге де баса назар аударды. Ведомствоның кадрлық әлеуетін нығайту, мамандардың біліктілігін арттыру және қызметкерлерді заманауи талаптарға сай даярлау жөнінде тапсырмалар берілді.

Кездесу қорытындысы бойынша Төтенше жағдайлар министрлігіне халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жүйелі түрде күшейтіп, қойылған міндеттердің сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.