Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Дели қаласында өткен «аутрич»/«БРИКС плюс» форматындағы пленарлық отырысқа қатысты. Жиын «Орнықтылықты, инновацияны, ынтымақтастық пен тұрақтылықты нығайту» тақырыбына арналды.
Қазақстан Президенті ең алдымен БРИКС саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және қонақжайлық танытқаны үшін Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модиге алғыс білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев кездесудің Нью-Дели қаласында өтуінің символдық мәніне тоқталып, адамзат пен халықтардың мүддесіне негізделген халықаралық күн тәртібінің өзектілігін атап өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, БРИКС аясындағы ынтымақтастықтың 20 жылдығына тұспа-тұс келген Үндістанның төрағалығы бұл бағыттағы өзара іс-қимылға жаңа серпін берді. Президент ұйымның халықаралық экономикалық және саяси үдерістердегі рөліне назар аударып, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев БРИКС-тің әлеуеті зор екенін айтты. Оның құрамына кіретін және форматқа қатысатын мемлекеттер әлем халқының елеулі бөлігін қамтып, жаһандық экономиканың маңызды үлесін қалыптастырады. Осы мүмкіндікті халықаралық тұрақтылық пен орнықты дамуға бағыттау қажеттігі айтылды.
Президент қазіргі кезеңде халықаралық қоғамдастық алдында күрделі сын-қатерлер тұрғанын атап өтті. Геосаяси қайшылықтардың күшеюі, милитаризацияның артуы, көпжақты институттардың әлсіреуі және сауда кедергілерінің көбеюі әлемдік экономикаға кері әсерін тигізіп отырғанына назар аударды.
Мемлекет басшысы жетекші державалар арасындағы өзара сенімді қалпына келтіру халықаралық мәселелерді шешудің маңызды шарты екенін айтты. Сонымен қатар аймақтық қақтығыстардың экономикалық салдары кеңейіп, жаһандық энергетика, азық-түлік қауіпсіздігі және сауда тізбектеріне әсер етіп отырғанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін мемлекеттер арасында сындарлы диалогты жалғастыру, өзара сенімді нығайту және көпжақты ынтымақтастық тетіктерін тиімді пайдалану қажет екенін жеткізді.
Саммит барысында орнықтылықты сақтау, инновацияларды дамыту және халықаралық экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.