«Таза Қазақстан» – ортақ жауапкершілік пен елдік мәдениеттің көрінісі

Қазақ халқының табиғатқа деген құрметі ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтардың бірі. «Бір тал кессең, он тал ек» деген халық даналығы қоршаған ортаны қорғаудың және табиғатты келер ұрпаққа аманат етудің маңызын айқын көрсетеді. Бұл ұстаным ата-бабамыздың табиғатпен үйлесімді өмір сүруге үндеген тағылымды өсиеті ретінде бүгінгі қоғам үшін де өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Табиғатты аялау, туған жердің тазалығын сақтау және қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау – әр азаматтың ортақ жауапкершілігі. Бұл құндылықтар қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастырумен қатар, өскелең ұрпақтың бойында туған жерге деген сүйіспеншілік пен азаматтық жауапкершілікті нығайтуға ықпал етеді.

Қазіргі таңда Қазақстанда қоршаған ортаны қорғауға, елді мекендерді абаттандыруға және қоғамдық орындардың тазалығын қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі – «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы. Жалпыұлттық жоба аясында еліміздің барлық өңірінде тазалық және абаттандыру жұмыстары ұйымдастырылып, саябақтар, аулалар, көшелер мен қоғамдық аумақтар ретке келтірілуде. Сонымен қатар көгалдандыру, ағаш отырғызу және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған түрлі қоғамдық бастамалар жүзеге асырылуда.

«Таза Қазақстанның» басты мәні тек айналаны тазарту жұмыстарымен шектелмейді. Оның негізгі мақсаты – қоғамда тазалыққа деген тұрақты көзқарас қалыптастыру, табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін орнықтыру және әр азаматтың туған жеріне деген жауапкершілігін арттыру. Жаңа Конституцияда қоршаған ортаны қорғауға қатысты азаматтық міндеттердің бекітілуі бұл бағыттың қоғамдық маңызын одан әрі арттыра түседі. Табиғатты қорғау – мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі.

Сондықтан «Таза Қазақстан» жобасы ел азаматтарын бір мақсатқа жұмылдыратын маңызды қоғамдық бастама ретінде қалыптасып келеді. Әр адамның қарапайым күнделікті әрекеті – қоқыс тастамау, ағаш егу, қоғамдық орынды таза ұстау – қоршаған ортаны сақтауға қосылған нақты үлес. Табиғатты қорғау арқылы біз бүгінгі күнге ғана емес, келешек ұрпаққа да таза әрі қолайлы орта қалыптастырамыз. Бұл – бабалар аманатына адалдықтың және ел болашағына жауапкершіліктің нақты көрінісі.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *