Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры Қайрат Балабиев пен интернационалдандыру және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Нұрдәулет Хангелді Сеул қаласында өткен «Корея – Орталық Азия: жасанды интеллект, ғылым және технологиялар саласындағы серіктестік» атты министрлік кездесуге қатысты.
Халықаралық жиын Корея Республикасы мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы жасанды интеллект, ғылым, технология және білім беру салаларындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылауға арналды. Кездесуге Қазақстан тарапынан Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысты.
Іс-шара барысында жасанды интеллектіні дамыту, технологиялық әріптестікті кеңейту, ғылыми-зерттеу байланыстарын нығайту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар климаттық технологияларды дамыту, оларды Орталық Азия елдерінде сынақтан өткізу және практикалық тұрғыда енгізу бағыттарына назар аударылды. Бүгінде жасанды интеллект пен озық технологиялар жоғары білім беру жүйесінің маңызды құрамдас бөлігіне айналып отыр. Осыған байланысты университеттер үшін халықаралық тәжірибені зерделеу, заманауи технологияларды оқу үдерісіне енгізу және ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыру өзекті міндеттердің бірі саналады.
Жәнібеков университеті үшін халықаралық байланыстарды дамыту стратегиялық бағыттардың қатарында. Мұндай кездесулер шетелдік жоғары оқу орындарымен әріптестікті кеңейтуге, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ білім алушылар мен жас ғалымдарға халықаралық академиялық ортаға шығуға жаңа мүмкіндіктер қалыптастырады. Айта кетейік, бұл іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында өтті. Сапар барысында білім, ғылым және технология салаларындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ерекше мән берілді.