Тазалық пен тәртіп – кез келген өркениетті қоғамның күнделікті өмірінен көрініс табатын маңызды құндылықтар. Қоғамдық орындарды таза ұстау, табиғатқа ұқыпты қарау, белгіленген талаптар мен ережелерді сақтау – азаматтық мәдениеттің ажырамас бөлігі.
«Таза Қазақстан» бастамасының негізгі мәні де осы құндылықтарды қоғам өміріне кеңінен енгізуге бағытталған. Бұл тек қоршаған ортаны абаттандыру немесе көшелерді тазалаумен шектелмейді. Жобаның маңызды мақсаты – әр азаматтың тазалыққа, тәртіпке және қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру.
Еліміздің азаматтарымен қатар, Қазақстанға келген шетелдік азаматтар мен туристер де қоғамдық орындарда белгіленген тәртіпті сақтап, қолданыстағы заң талаптарына құрметпен қарауы тиіс. Ортақ кеңістікті ұқыпты пайдалану – қоғам мүшелерінің барлығына ортақ жауапкершілік. Табиғатқа жанашырлықпен қарау, адамдар арасындағы өзара құрметті сақтау, белгіленген нормалар мен ережелерді орындау күнделікті мінез-құлықтың тұрақты қағидасына айналуы қажет. Бұл құндылықтар тек талап ретінде емес, әр адамның ішкі мәдениеті мен өмір салтының бір бөлігі болуы маңызды.
Тазалыққа жауапкершілікпен қарау – азаматтың қоғам алдындағы міндетін сезінуінің нақты көрінісі. Әр адам өзінен бастап тәртіп сақтаған жағдайда ғана ортақ ортада тұрақты мәдениет қалыптасады. Осы тұрғыдан алғанда, «Таза Қазақстан» құндылықтарын ұлт болмысының ажырамас бөлігіне айналдырудың маңызы зор.Қазіргі таңда қоршаған ортаны қорғау мен табиғи ресурстарға ұқыпты қарау Қазақстан азаматтарының конституциялық міндеттерімен де сабақтасып отыр. Сондықтан экологиялық мәдениетті қалыптастыру – тек қоғамдық бастама емес, ортақ азаматтық жауапкершілік.
Тазалық, тәртіп және жайлылық әлемнің көптеген елдерінде тұрмыстық мәдениеттің, қоғамның өркениеттілік деңгейінің және азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының көрсеткіші ретінде қабылданады. Сондықтан «Таза Қазақстан» қағидаттарын күнделікті өмірге енгізу – баршамызға ортақ міндет. Таза орта қалыптастыру әр адамның қарапайым әрекетінен басталып, бүкіл қоғамның мәдениетіне айналған кезде ғана тұрақты нәтижеге қол жеткізуге болады.