МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ «ҚАЗАҚСТАН-ҚЫТАЙ» ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ФОРУМЫНДА СӨЗ СӨЙЛЕДІ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытайдың мәңгі және жан-жақты стратегиялық серіктестігінің тарихи негізі берік әрі тату көршілік пен өзара сенім рухында тың қарқынмен дамып келе жатқанына назар аударды.

– Бүгінде қазақ-қытай қарым-қатынасы сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілді деп айтуға болады. Бұл құрметті Төраға Си Цзиньпин мырзаның тікелей қолдауының арқасы деп айтсақ, артық болмас. Біз мәңгілік дос әрі сенімді серіктес ретінде ынтымақтастығымыздың жаңа «алтын 30 жылдық» кезеңіне қадам басып жатырмыз. Жалпы, Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі. Былтыр екі елдің тауар айналымы рекордтық межеге жетіп, 50 миллиард долларға жуықтады. Үкіметтеріміз бұл көрсеткішті 100 миллиард долларға дейін жеткізу үшін белсенді жұмыс істеп жатыр.

– Іскерлік байланыстардың кеңеюіне елдеріміз арасында орнаған визасыз режим де елеулі үлес қосты. Қазіргі кезде Қазақстанда қомақты инвестиция тартып, ірі жобаларды іске асыруға барынша оңтайлы жағдай жасалған деп сеніммен айтуға болады. Биыл 1 шілдеде күшіне енген Конституциямыздың негізгі ережелері еліміздің инвестициялық әлеуетін нығайтуға мықты құқықтық негіз қалады. Осы мақсатта Бас прокуратура жанынан Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. Бас прокурорға инвестициялық омбудсмен міндеттері жүктелді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пайымдауынша, әлем экономикасы түбегейлі өзгеріске ұшырап жатқан кезеңде Қазақстан мен Қытай өзара сенімге, ашықтық пен ортақ мүддеге арқа сүйеген озық әрі тиімді ынтымақтастық үлгісін көрсетіп отыр.

– Халықаралық серіктестермен бірге теміржол қуатын арттырып, автомобиль магистральдары мен теңіз порттарын кеңейтуді, жүк тасымалы авиациясын және шекара маңы инфрақұрылымын дамытуды қолға алдық. Ляньюньганнан Ақтауға дейін Қытай жағалауын Каспиймен байланыстыратын логистикалық тораптар желісі қалыптасты. Көп ұзамай Ченду қаласындағы қазақ-қытай терминалы осы логистикалық тізбектің маңызды буынына айналады. Аталған шаһарда Қазақстанның Бас консулдығын ашуды жоспарлап отырмыз. Азия мен Еуропа арасындағы заманауи көлік байланысын түзетін Орта дәлізді өркендетуді айрықша міндет деп санаймыз, – деді Президент.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *