ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ «COMMON HISTORY DESTINY. DESIGNED AND MADE IN BOTH CHINA AND KAZAKHSTAN» АТТЫ ҚАЗАҚ-ҚЫТАЙ БАҒДАРЛАМАСЫН ІСКЕ ҚОСУДЫ ҰСЫНДЫ

Президент өнеркәсіп саласындағы ықпалдастықты нығайтудың маңызына назар аударды. Бүгінде бұл бағытта жалпы құны 62 миллиард доллардан асатын 260 бірлескен ірі жоба жүзеге асырылып жатыр.

– Қытайлық кәсіпорындар Алматыда автокөлік кластерін дамытуға белсенді атсалысып келеді. Ортақ күш-жігеріміздің арқасында Қарағанды облысында кремний өндірісі іске қосылды. Сонымен қатар металлургия, мұнай-газ химиясы және энергия жинақтау салаларында іргелі бастамалар қолға алынды. Өнімділігі төмен мұнай ұңғымаларын қалпына келтіру бағытында алғашқы жобалар жүзеге асырылып жатыр. Қытайдың Jinyi Holding Group компаниясымен бірлесіп, Ақтөбе облысында ерекше индустриялық аймақ құрылуда. Аталған аймақ халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс істейтін болады. Агроөнеркәсіп кешенін бірлесіп дамыту жөнінде бірқатар уағдаластыққа қол жеткіздік, нақты бастамаларды жүзеге асырып жатырмыз. Соның ішінде Lihua, Fufeng, Dalian Hesheng Holdings компанияларының мақта-мата кластерін қалыптастыруға және жүгері мен бидайды терең өңдеуге арналған маңызды жобаларын ерекше атап өткім келеді. Мұндай ауқымды жұмыс серіктестігімізді жаңа деңгейге көтеруге ықпал етері сөзсіз. Біз жекелеген инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы толыққанды өндірістік экожүйе қалыптастыруды көздейміз.

Мемлекет басшысы тау-кен металлургиясы кешеніндегі ынтымақтастықты тағы бір басым бағыт ретінде атады. Оның айтуынша, Қазақстанда уран, мыс, алтын, көмір секілді аса маңызды минералдар мен сирек кездесетін металдардың мол қоры бар. Президент цифрландыру мәселесіне айрықша мән берді.

– Биыл еліміз Дүниежүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымының құрылтайшылары қатарына кірді. Осылайша, Қазақстан технологиялық ықпалдастыққа арналған жаңа халықаралық платформаның қатысушысы болды. Бұл бастаманы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин көтерген болатын. Біз технология трансферіне, бірлескен инженерлік және зерттеу орталықтарын құруға мүдделіміз. Бұл ретте жаңа формация мамандарын даярлауға ерекше көңіл бөлеміз. Елордада тұңғыш қазақ-қытай жасанды интеллект мектебін ашуға ниеттіміз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *