Шымкентте қала тұрғындары мен қонақтарына арналған «Street Food Fest» гастрономиялық фестивалі өтті. «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы ұйымдастырған шара Этно-ауыл кешенінің аумағында өтіп, тағам индустриясының үздік өкілдерін бір алаңға жинады.
Фестивальдің басты мақсаты – заманауи көше тағамдары мәдениетін дамыту, жергілікті кәсіпкерлердің өнімдерін кеңінен таныстыру және Шымкенттің гастрономиялық әрі туристік әлеуетін арттыру. Сонымен қатар шара қала тұрғындары мен қонақтарына отбасымен және достарымен бірге уақыт өткізіп, түрлі тағамдардан дәм татып, мәдени-сауықтық бағдарламаға қатысуға мүмкіндік берді.
Фестиваль аясында арнайы гастрономиялық алаң ұйымдастырылып, оған қаладағы 40 үздік фуд-локация қатысты. Келушілер түрлі ас мәзірлерімен танысып, өз талғамына сай тағамдардан дәм татты. Фестиваль аумағында ыстық тағамдармен қатар тәттілер, сусындар және көше тағамдарының сан алуан түрі ұсынылды.
Шара барысында келушілер үшін көңіл көтеру бағдарламалары да ұйымдастырылды. Музыкалық сүйемелдеу, түрлі ойындар мен интерактивті алаңдар фестивальдің мазмұнын толықтыра түсті. Соның нәтижесінде Этно-ауыл аумағында фестиваль басталған сәттен бастап тұрғындар мен қонақтардың қарасы қалың болды.
Қала тұрғыны Гүлназ Муслимова мұндай шаралардың тұрғындар үшін маңызы зор екенін атап өтті.
«Бүгін қаламызда осындай керемет фестиваль өтіп жатқанына қуаныштымыз. Достарымызбен бірге келіп, көше тағамдарының бірнеше түрінен дәм татып көрдік. Мұнда тек тамақтанып қана қоймай, түрлі ойындарға қатысып, музыка тыңдап, жақсы уақыт өткізуге болады. Осындай шаралар жиі ұйымдастырылса, қала тұрғындары мен қонақтары үшін өте жақсы болар еді», – деді ол.
Гастрономиялық фестиваль жергілікті кәсіпкерлердің өнімдерін танытуға, жаңа тағам мәдениетін қалыптастыруға және Шымкенттің туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған маңызды шаралардың біріне айналды.