Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект технологиялары қолданылған фильмдердің алғашқы халықаралық байқауы – Astana AI Film Festival кинофестивалінің ашылу салтанатына қатысты.
Салтанатты іс-шарада Президент жасанды интеллектінің дамуы мен оның шығармашылық индустрияға ықпалына тоқталып, фестивальдің маңызын атап өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, Astana AI Film Festival – ізденімпаз, білімпаз, жаңашыл әрі жасампаз азаматтардың басын қосатын бірегей жоба. Бұл – жаңа идеялар мен тың бастамалар бәсекеге түсетін, шығармашылық мүмкіндіктерді кеңейтетін халықаралық алаң.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі кезең білімнің, ғылымның және озық инновациялардың дәуіріне айналғанын айтты. Жасанды интеллект әлем экономикасының барлық саласына елеулі өзгерістер әкеліп, технологиялық прогрестің жаһандық сипатын күшейтіп отыр.
Президент Astana AI Film Festival жобасын Қазақстандағы креативті индустрияның дамуының бір көрінісі ретінде атап өтті. Оның сөзінше, елімізде осы саланың әлеуетін арттыру және біртұтас экожүйе қалыптастыру бағытында нақты шаралар қабылданып жатыр. Сонымен қатар шығармашылық қабілеті жоғары, талантты азаматтарға қолдау көрсетуге басымдық беріледі.
Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану мәселесіне де ерекше назар аударды. Технологияның қарқынды дамуы жаңа мүмкіндіктермен қатар, оны бақылаусыз пайдалануға байланысты қауіптерді де туындатып отыр.
Президенттің пікірінше, жасанды интеллектінің дамуын тоқтату мүмкін емес. Сондықтан оның әлеуетін тиімді пайдалану үшін қауіпсіздік талаптарын сақтау және жауапкершілікпен қолдану қағидаларын әзірлеу маңызды. Бұл, ең алдымен, келешек ұрпақтың қауіпсіздігі мен болашағы үшін қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектінің шығармашылық мүмкіндіктерін қоғам игілігіне бағыттау керектігін атап өтті. Astana AI Film Festival осы технологияның әлеуетін ашуға, жаңа идеяларды жүзеге асыруға және креативті индустриядағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді.