Шымкент қаласында көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы кезекті жоба іске асырылды. Бәйдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесінің қиылысында жаңа жол-көлік айырығы ашылды. Нысанның ашылу салтанатына Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
Жаңа жолайырықтың құрылысы өткен жылдың соңында Мемлекет басшысының мегаполистің көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында басталған болатын. Жобаның негізгі мақсаты – көлік қозғалысы қарқынды учаскедегі жол өткізу мүмкіндігін арттырып, тұрғындар үшін қатынауды жеңілдету.
Бүгінде эстакада арқылы көлік қозғалысы іске қосылды. Нысанда негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, қажетті жол белгілері мен жол таңбалары орнатылды. Эстакаданың іске қосылуы қаладағы көлік ағыны тығыз учаскелердің бірінде қозғалысты реттеуге мүмкіндік беретін маңызды қадам болды.
Қала әкімі жол инфрақұрылымын дамыту Шымкенттің қазіргі қажеттіліктері мен қаланың даму қарқынына сәйкес жүргізілуі қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, заманауи көлік шешімдерін енгізу ең алдымен жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, көлік кептелістерін азайтуға және тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасауға бағытталуы тиіс.
Қазіргі таңда жолайырықтың төменгі деңгейінде айналма қозғалысты және оң жақ өткел тармақтарын абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен қатар жерасты жаяу жүргіншілер өткелдерін ретке келтіру және іргелес аумақтарды абаттандыру көзделген.
Барлық құрылыс және абаттандыру жұмыстарын жыл соңына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр. Жобаның іске қосылуы осы аумақтағы жол қозғалысын жүйелеуге, көлік ағынын тиімді ұйымдастыруға және жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жаңа жолайырық Шымкенттің көлік инфрақұрылымын жаңғырту және мегаполистегі қозғалыс сапасын арттыру бағытындағы жұмыстардың жалғасы болып табылады.