Мемлекет басшысы Бельгия Королі мен Патшайымымен кездесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Бельгия Королі Филипп пен Патшайым Матильданы қарсы алып, әуежайдың арнайы залында мәртебелі қонақтармен әңгімелесті.

Кездесу барысында Президент Король мен Патшайымның Қазақстанға сапары екі ел арасындағы өзара байланыстарды одан әрі нығайту тұрғысынан тарихи маңызға ие екенін атап өтті. Мемлекет басшысы мәртебелі меймандарға Қазақстанға қош келдіңіздер деп, олардың сапары еліміздің дамуындағы маңызды кезеңмен тұспа-тұс келіп отырғанын айтты.

– Қазақстанға қош келдіңіздер. Сапарларыңыз мемлекетіміздің дамуындағы өте маңызды кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Жалпы, еліміз өркендеп, экономикасы ілгерілеп келеді. Сіздердің сапарларыңыз екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін береді деп айтуға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Король Филипп Қазақстан Президентіне көрсеткен қонақжайлығы мен жоғары деңгейдегі құрметі үшін алғыс білдірді. Ол Қазақстанға келгеніне қуанышты екенін айтып, алдағы жоғары деңгейдегі келіссөздердің нәтижелі болатынына сенім білдірді.

– Ұшақ трапынан қазақ жеріне қадам басқан сәттен бастап көрсетілген сый-құрмет үшін Сізге алғыс айтамын. Үш күндік сапармен келгенімізге қуаныштымыз әрі еліңізбен жақынырақ танысамыз деп сенемін, – деді Король Филипп.

Сондай-ақ Бельгия Королі екі мемлекет арасындағы сан қырлы серіктестікті одан әрі тереңдетудің маңыздылығына тоқталды.

Мәртебелі қонақтардың Қазақстанға мемлекеттік сапары екіжақты саяси, экономикалық және гуманитарлық байланыстарды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Алдағы келіссөздер барысында Қазақстан мен Бельгия арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары талқыланып, өзара тиімді серіктестікті одан әрі нығайту мәселелері қаралады.

Бұл сапар Қазақстан мен Бельгия арасындағы достық байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге және екі ел арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге маңызды серпін береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *