Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Камбоджа Премьер-министрі Хун Манет шағын құрамда келіссөз өткізді. Кездесу барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастарды нығайту, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту және гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.
Мемлекет басшысы мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, оның Қазақстанға сапары екі ел арасындағы қарым-қатынасқа тың серпін беретінін атап өтті. Президенттің айтуынша, бұл сапар өзара тиімді серіктестікті тереңдетуге және ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Камбоджа Премьер-министрінің Қазақстанға сапарының тарихи маңызына тоқталды. Бұған дейін Камбоджа үкімет басшыларының Қазақстанға ресми сапармен келмегенін атап өтіп, Хун Манеттің қазақ жерімен отбасылық байланысы бар екенін жеткізді. Атап айтқанда, оның әкесі 1982 жылы Қазақстанда болған.
Президент Қазақстан халқының Камбоджаға деген қызығушылығы жоғары екенін айтып, екі ел арасындағы туристік байланыстарды дамытуға назар аударды.
«Елдеріміз арасында тікелей әуе қатынасын ашу мәселесін пысықтауымыз қажет. Сондай-ақ гуманитарлық саладағы байланыстарды жандандырғанымыз жөн», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы тікелей әуе қатынасын жолға қою туризмді дамытуға, азаматтардың өзара сапарларын жеңілдетуге және халықтар арасындағы байланысты нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Сонымен қатар Президент Қазақстан мен Камбоджаның табиғи ресурстарға бай мемлекеттер екенін айтып, осы бағыттағы өзара іс-қимылды кеңейтуге мүмкіндік бар екенін жеткізді.
Келіссөздер барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне де басымдық берілді. Тараптар екі елдің әлеуетін тиімді пайдалану және өзара тиімді әріптестікті дамыту бағыттарын қарастырды.
Кездесу Қазақстан мен Камбоджа арасындағы байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге, сауда, туризм және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге негіз болады.