Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында әлеуметтік көмектің атаулылығын қамтамасыз ету, ана мен бала денсаулығын қорғау, медициналық инфрақұрылымды кеңейту және азаматтардың табысын арттыру мәселелеріне басымдық берді.
Мемлекет басшысының айтуынша, мемлекеттік қолдау ең алдымен шын мұқтаж азаматтарға көрсетілуге тиіс. Бұл ретте әлеуметтік саясатты жетілдіру барысында халықтың тұрмыс жағдайын жан-жақты ескеріп, реформаларды мұқият сараптау маңызды. Президент әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдері мен оларды жүзеге асыратын ақпараттық жүйелерді алдын ала тексеріп, жобаларды әуелі пилоттық режимде сынақтан өткізуді ұсынды. Тиімділігі дәлелденген шешімдерді ғана кең ауқымда енгізу қажет.
Президент әлеуметтік мемлекеттің негізгі мақсаты азаматтарды төлемдерге тәуелді ету емес, олардың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыру екенін атап өтті. Осыған байланысты адам капиталын дамытуға, балалардың жан-жақты өсуіне және әр азаматтың әлеуетін іске асыруына қолайлы жағдай жасауға ерекше мән беріледі.