ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІ – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ НЕГІЗІ

Тәуелсіздік – халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған асыл арманы, елдігіміздің басты тірегі. Егемендікке қол жеткізу арқылы Қазақстан өз алдына дербес мемлекет ретінде қалыптасып, ұлттық құндылықтарын жаңғыртуға және болашақ даму бағытын айқындауға мүмкіндік алды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында еліміздің тәуелсіздік жолындағы тарихи қадамдарына тоқталып, дербес мемлекет ретінде қалыптасу кезеңінің маңызын атап өтті.

Бүгінде тәуелсіздікті сақтау мен нығайту әрбір азаматтың ортақ міндеті. Өйткені елдің дамуы тек экономикалық жетістіктермен өлшенбейді. Оның негізінде ұлттық бірлік, қоғамдық тұрақтылық, жауапкершілік және болашаққа деген сенім жатыр.

Тәуелсіздіктің қадірін білу – өткен тарихты құрметтеу ғана емес, бүгінгі мүмкіндіктерді бағалап, келер ұрпаққа тұрақты әрі дамыған мемлекет қалдыруға үлес қосу.

Еліміздің әрбір жетістігі ортақ еңбектің нәтижесі. Сондықтан егемендігімізді нығайтып, мемлекетіміздің дамуына үлес қосу – баршамызға жүктелген жауапкершілік.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан халықаралық аренада өзіндік орны бар, бейбітшілік пен ынтымақтастықты басты құндылық ретінде ұстанатын мемлекетке айналды. Елімізде экономиканы әртараптандыру, білім мен ғылымды дамыту, әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру және азаматтардың әл-ауқатын арттыру бағытында маңызды бастамалар жүзеге асырылды. Мемлекеттің тұрақты дамуы үшін заң үстемдігін қамтамасыз ету, қоғамдық келісімді сақтау және азаматтардың ел болашағына деген жауапкершілігін арттыру ерекше маңызға ие. Бұл міндеттерді жүйелі түрде жүзеге асыру Қазақстанның халықаралық беделін нығайтып, жаңа тарихи кезеңдегі даму мүмкіндіктерін кеңейте түседі.

Ел тәуелсіздігін нығайтуда жас ұрпақтың алатын орны ерекше. Бүгінгі жастардың сапалы білім алып, кәсіби біліктілігін арттыруы, ғылым мен технологияны меңгеруі және қоғамдық өмірге белсенді араласуы – мемлекет болашағының берік кепілі. Жастарды отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа, адалдық пен жауапкершілікке тәрбиелеу арқылы елдің интеллектуалдық және рухани әлеуетін арттыруға болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *