ШЫМКЕНТТЕ «ЗАҢ ЖӘНЕ ТӘРТІП» ҚАҒИДАТЫ АЯСЫНДА «ЗАҢДЫ КҮЛКІ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖАЙДАРМАН ОЙЫНЫ ӨТТІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң және тәртіп» қағидатын қоғамда орнықтыру жөніндегі бастамасы аясында Шымкент қаласында жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды іс-шара ұйымдастырылды.

2026 жылғы 9 қазанда Шымкент қаласындағы «Қызғалдақ» сарайында Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен «Заңды күлкі» республикалық Жайдарман ойыны өтті.

Республикалық деңгейде ұйымдастырылған мәдени-танымдық іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру, адалдық пен әділдік құндылықтарын дәріптеу, құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтық жауапкершілікті арттыру. Ойынға еліміздің әр өңірінен келген Жайдарман командалары қатысып, қоғамдағы өзекті мәселелерді әзіл арқылы көрермен назарына ұсынды. Қатысушылар өз өнерлерінде заң талаптарын сақтау, қаржылық сауаттылық, алаяқтықтың алдын алу, адал еңбек ету және қоғамдық тәртіпті нығайту тақырыптарын қамтыды.

Бүгінде жастардың құқықтық санасын арттыру – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Себебі заңды құрметтейтін, өз құқықтары мен міндеттерін білетін, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін жас ұрпақ – тұрақты әрі әділетті мемлекеттің берік негізі. Осы тұрғыдан алғанда, құқықтық тәрбие мен мәдени-ағартушылық жұмыстарды жастарға түсінікті әрі қызықты форматта ұйымдастыру ерекше маңызға ие. Жайдарман ойындары жастардың шығармашылық қабілетін дамытып қана қоймай, қоғамдық мәселелерге бейжай қарамауға, сыни ойлауға және дұрыс азаматтық ұстаным қалыптастыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар мұндай бастамалар мемлекеттік органдар мен жастар арасындағы өзара байланысты нығайтып, құқықтық ақпаратты кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді. Әзіл арқылы берілген тәрбиелік мазмұн жастардың санасына оң әсер етіп, заң талаптарын күнделікті өмірде сақтаудың маңызын түсіндіреді. «Заңды күлкі» республикалық Жайдарман ойыны – құқықтық мәдениетті насихаттау мен жастардың шығармашылық әлеуетін қолдауды ұштастырған тағылымды бастама.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *