Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий экология саммитінде сөз сөйлеп, теңіз экожүйесін сақтау және экологиялық мәселелерді бірлесіп шешу қажеттігін атап өтті.
Мемлекет басшысы алғашқы Каспий экология саммитін өткізу туралы бастама көтерген Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовке ризашылығын білдірді. Сонымен қатар бүгінгі кездесудің тарихи маңызына тоқталып, Каспий теңізінің өңір мемлекеттері үшін стратегиялық рөл атқаратынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Каспий – миллиондаған адамның тіршілік көзі, сондай-ақ Еуразия құрлығындағы маңызды көлік және энергетика торабы. Сондықтан теңіздің табиғи тепе-теңдігін сақтау жағалауындағы мемлекеттердің ортақ міндеті болуы тиіс.
Президент Каспийдегі экологиялық ахуалдың күрделеніп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Оның сөзінше, 2000 жылдан 2025 жылға дейін теңіздің тартылған аумағы 16 мың шаршы шақырымнан асқан. Кейбір учаскелерде су жағадан ондаған шақырымға дейін алыстаған.
Мемлекет басшысы бұл жағдайға әсер ететін негізгі факторлардың қатарында Каспийге құятын өзендер суының азаюын, климаттың жылынуын және антропогендік жүктеменің артуын атады. Аталған факторлар теңіздің биоалуантүрлілігіне кері әсер етіп, табиғи экожүйеге елеулі зиян келтіруі мүмкін.
Сондай-ақ Президент Каспий итбалықтарының саны азайып бара жатқанына ерекше назар аударды. Оның мәліметінше, соңғы ғасырда олардың саны 1 миллионнан 270 мыңға дейін төмендеген. Бұл теңіздегі биологиялық тепе-теңдікті сақтау бағытында жүйелі шаралар қабылдаудың маңызын көрсетеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық жағдайды тек табиғатты қорғау мәселесі ретінде емес, өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуына ықпал ететін маңызды мәселе ретінде қарастыру қажеттігін атап өтті.
Саммит Каспий теңізін сақтау жолындағы мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайтуға және ортақ экологиялық міндеттерді шешуге бағытталған маңызды алаңға айналды.