Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысып, ұйымның тарихи маңызы мен мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың өзекті мәселелеріне тоқталды.
Мемлекет басшысы жиынға қатысушыларға ілтипат білдіріп, саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовке алғыс айтты. Сондай-ақ Қазақстан Түрікменстанның ұйымға төрағалығы кезеңіндегі нәтижелерін және ТМД-ның ортақ күн тәртібін ілгерілетуге қосқан үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы саммиттің ТМД құрылғанына 35 жыл толуымен тұспа-тұс келуіне ерекше назар аударды. Президенттің айтуынша, Қазақстан ұйымның қалыптасуында маңызды рөл атқарды. 1991 жылы қабылданған Алматы декларациясы мемлекеттер тарихындағы бетбұрысты кезеңге айналды.
Мемлекет басшысы ТМД-ның құрылуы посткеңестік кеңістіктегі жаппай қақтығыстардың алдын алуға және бұрыннан қалыптасқан тарихи байланыстарды сақтауға мүмкіндік бергенін атап өтті. Осы жылдар ішінде Достастық мемлекетаралық ынтымақтастықты дамытуға, өзара сенімді нығайтуға және ортақ мәселелерді талқылауға арналған тиімді көпжақты алаң ретінде қалыптасты.
Президент ұйымның басты құндылығы мемлекеттер арасындағы достық пен халықтардың тарихи, мәдени және рухани жақындығында екенін айтты. Ортақ мұра мен қалыптасқан гуманитарлық байланыстар елдер арасындағы өзара түсіністікті нығайтып, ынтымақтастықтың берік негізін қалайды.
ТМД аясындағы өзара іс-қимыл өңірлік тұрақтылықты сақтауға, экономикалық байланыстарды дамытуға және гуманитарлық әріптестікті кеңейтуге мүмкіндік береді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, мемлекеттер арасындағы сенім, өзара құрмет пен сындарлы диалогты сақтау қазіргі кезеңде айрықша маңызды. Бұл қағидаттар Достастық елдерінің ортақ мүдделерін ілгерілетуге және болашақтағы ынтымақтастықты нығайтуға негіз болады.