Қазақстан 2026 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Электрондық үкіметті дамыту индексінде (UN EGDI) 193 елдің арасында 16-орынға көтерілді. 2024 жылғы рейтингте еліміз 24-орында тұрған еді. Екі жыл ішінде Қазақстан сегіз сатыға жоғарылап, алғаш рет электрондық үкіметті дамыту көрсеткіші ең жоғары 21 мемлекет кіретін топқа енді.
Бұл топта Корея Республикасы, Дания, Сингапур, Ұлыбритания, Эстония және АҚШ секілді елдер бар. 2026 жылы оған Қазақстанмен бірге Ирландия мен Польша да алғаш рет қосылды. Қазақстан рейтингте 2024 жылы өзінен жоғары тұрған Швеция, Германия, Ирландия, Жаңа Зеландия, Австрия және Жапониядан озып шықты.
Қазақстанның жиынтық индексі екі жылда 0,9009-дан 0,9363-ке дейін өсті. Әлемдік орташа көрсеткіш 0,6675 болды. БҰҰ баяндамасында Қазақстанның нәтижесі рейтинг көшбасшылары арасындағы ең елеулі өсімдердің бірі ретінде атап өтілді. Сонымен қатар электрондық үкіметті дамытуда халықаралық деңгейде танылған Эстониямен арадағы көрсеткіш айырмасы екі жыл ішінде төрт есе қысқарды.
БҰҰ индексі елдердің электрондық үкіметті дамыту деңгейін үш бағыт бойынша бағалайды. Олар – онлайн мемлекеттік қызметтер, телекоммуникациялық инфрақұрылым және адами капитал. Осы өлшемдер арқылы мемлекеттік қызметтердің цифрлық форматта ұсынылуы, байланыс инфрақұрылымының жай-күйі және халықтың білім деңгейіне қатысты көрсеткіштер кешенді түрде ескеріледі.
Электрондық үкіметтің дамуы азаматтардың мемлекеттік органдармен байланысын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Қызметті онлайн алу тұрғындардың құжат рәсімдеуге, өтініш беруге және оның қаралу барысын бақылауға жұмсайтын уақытын қысқартады. Қашықтан қызмет көрсету мемлекеттік мекемелерден алыс тұратын азаматтар үшін де маңызды. Ал кәсіпкерлер үшін рәсімдерді цифрлық форматта жүргізу күнделікті әкімшілік жұмысты жеңілдетеді.
Цифрлық қызметтердің тиімділігі олардың азаматтарға қаншалықты түсінікті әрі қолжетімді болуына да байланысты. Қызмет алу тәртібінің анық көрсетілуі және өтініштің мәртебесін бақылау мүмкіндігі тұрғындардың мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын жеңілдетеді. Өңірлерде байланыс сапасын арттыру да электрондық қызметтерді кеңінен пайдалануға жағдай жасайды.