Қазақстан Республикасының Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы (ҚР ҰФҒО) Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) супраұлттық референс-зертханаларымен бірлесіп, туберкулезді зертханалық диагностикалаудың заманауи әдістерін меңгеріп, еліміздің өңірлеріне енгізуде.
Алғашқы кезеңде, 2000–2024 жылдары, ҚР ҰФҒО Ұлттық референс-зертханасы ДДСҰ-ның Гаутинг қаласындағы (Германия) туберкулез жөніндегі супраұлттық референс-зертханасымен ынтымақтастық орнатты. 2025 жылдан бастап бұл жұмыс Германиядағы Борстель зерттеу орталығы – Лейбниц өкпе зерттеу орталығының микобактериялар жөніндегі ұлттық және ДДСҰ супраұлттық референс-орталығымен жалғасты. Осы әріптестік өңірлік зертханаларға әдістемелік қолдау көрсетуге, зерттеулердің сапасын сыртқы бағалауды ұйымдастыруға және туберкулез қоздырғышының дәрілік сезімталдығын анықтаудың заманауи әдістерін енгізуге мүмкіндік берді.
Осы жұмыстың нақты нәтижелерінің бірі – туберкулез микобактерияларының бедаквилинге, линезолидке және клофазиминге сезімталдығын анықтау әдісінің енгізілуі. Бұл препараттар дәріге төзімді туберкулезді емдеуде қолданылады. Әдістеме Ұлттық референс-зертханада пысықталып, бағаланғаннан кейін өңірлік зертханаларға кезең-кезеңімен енгізілді. Зерттеу нәтижелері дәрігерлерге қоздырғыштың анықталған дәрілік төзімділігін ескере отырып, тиімді емдеу схемасын таңдауға көмектеседі. Бұл, әсіресе, дәрілерді тек ауыз арқылы қабылдауға негізделген қысқа мерзімді емдеу схемаларын таңдауда маңызды.
Ұлттық референс-зертханада толық геномды секвенирлеу әдісі де енгізілді. Бұл әдіс туберкулез қоздырғышының генетикалық ерекшеліктерін зерттеуге және дәріге төзімділікпен байланысты мутацияларды анықтауға мүмкіндік береді.