Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу жөніндегі бастамасын қолдаймын. Алдағы кодификацияның маңызды бағыттарының бірі мәмілелерді құқықтық реттеуді және оларды жарамсыз деп танудың құқықтық салдарын жетілдіру болуға тиіс деп есептеймін.
Мәміле — азаматтық айналымның негізгі құқықтық құралдарының бірі. Ол арқылы азаматтар мен ұйымдар азаматтық құқықтар мен міндеттерге ие болады, оларды өзгертеді және тоқтатады. Сондықтан мәмілелердің жарамдылығына қатысты нормалар заңсыз немесе жосықсыз әрекеттерден қорғаумен қатар, қалыптасқан құқықтық қатынастардың тұрақтылығын да қамтамасыз етуі қажет.
Бұл ретте заңнама талаптарының бұзылуы мәміленің жарамсыздығына әкеп соғуға тиіс жағдайлар мен құқықтық салдары анағұрлым жеңіл болатын, бұзушылықтарды түзетуге мүмкіндік беретін жағдайларды нақты ажырату маңызды. Жарамсыздық негіздерін бұзушылықтың сипатын, тараптардың мінез-құлқын және нақты құқықтық салдарын бағаламай, формалды түрде қолдану қалыптасқан мүліктік қатынастардың негізсіз бұзылуына алып келуі мүмкін.
Жаңа Кодексті әзірлеу кезінде мөлшерлестік, адалдық және азаматтық айналымға қатысушылардың заңды мүдделерін қорғау қағидаттарының бірізді қолданылуын қамтамасыз ету қажет. Мәмілені жарамсыз деп танудың құқықтық салдары алдын ала болжамды болуға, ал алынған мүлікті қайтару және келтірілген зиянды өтеу тетіктері нақты құқықтық қатынастың мән-жайларын ескеруге тиіс.
Мәмілелердің жарамсыздығы институтын неғұрлым нақты әрі жүйелі реттеу құқықтық айқындықты нығайтуға, азаматтық-құқықтық даулардың санын азайтуға және азаматтар мен бизнестің өз құқықтарын қорғау тетіктеріне деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді деп санаймын.
Төкеев Дархан Шүкірбайұлы – Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институты Заңнаманың тиімділігі мәселелері жөніндегі талдамалық жұмыс бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының магистрі.