Референдум–2026 аясында өндіріс орындары мен білім беру мекемелерінде ақпараттық-түсіндіру кездесулері ұйымдастырылды. Аталған іс-шаралар барысында Жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары, оның әлеуметтік-экономикалық салаға, еңбек қатынастарына, кәсіпкерлікті қолдауға, сондай-ақ жастар саясаты мен білім беру жүйесіне ықпалы кеңінен түсіндірілді.

Алдымен Еңбекші ауданындағы Balabi Textile ЖШС кәсіпорнында өндіріс ұжымымен кездесу өтті. Кездесуде еңбек адамдарының құқықтарын қорғау, әлеуметтік кепілдіктерді күшейту және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері қозғалды. Жиынға 50-ге жуық жұмысшы қатысып, елде жүргізіліп жатқан реформаларды қолдайтындықтарын білдірді.

Сондай-ақ кілем өндіретін Назар Текстиль ЖШС зауытында өндіріс қызметкерлерімен ашық пікір алмасу ұйымдастырылды. Кездесу барысында референдум аясындағы заңнамалық өзгерістердің өндірістік секторға, инвестициялық ахуалға және жұмыс орындарының тұрақтылығына әсері талқыланды. Өндіріс өкілдері әлеуметтік және еңбек мәселелерін көтеріп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Бұдан бөлек, Түркістан индустриалды-құрылыс колледжі базасында оқытушылар мен студенттермен кездесу өтті. Онда Жаңа Ата заң жобасының жастар саясатына, білім беру саласының дамуына және жас ұрпақтың азаматтық белсенділігіне ықпалы жөнінде кең көлемде ақпарат берілді. 80-ге жуық оқытушы қатысқан жиында жастардың ел болашағын қалыптастырудағы рөлі ерекше атап өтілді.

 

Барлық кездесулерге Мұратәлі Қалмұратов, Альбина Елшиева, Гүлайым Шунгараева, Құрманбек Жарқынбек және Бақтияр Жандарбеков қатысып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Жалпы, өткізілген кездесулер өзара ашық диалог форматында өтіп, референдумның ел дамуы үшін маңыздылығы, азаматтардың жауапкершілігі мен белсенді қатысуының қажеттілігі кеңінен түсіндірілді. Референдум – мемлекет болашағы үшін қабылданатын маңызды әрі жауапты шешім екені атап өтілді.