2026 жылдың 6–22 ақпаны аралығында 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындары Милан мен Кортина-д’Ампеццо қалаларында (Италия) өтеді. Бұл дүбірлі дода әлем жұртшылығының назарын өзіне аударып, спорттық ауқымымен ғана емес, рухани және мәдени мазмұнымен де ерекшеленбек. Толығырақ Olympic.kz материалында.
Алдағы Олимпиаданың басты ерекшелігі – көпорталықты өткізу моделі. Жарыстар бір мезетте бірнеше өңірде ұйымдастырылады: Ломбардия, Венето және Трентино аймақтарында. Ойындар бағдарламасы аясында Милан, Кортина-д’Ампеццо, Вальтеллина және Валь-ди-Фьемме секілді танымал өңірлер жарыс алаңына айналады. Мұндай тәсіл әр спортшыға ұлы спорт мерекесінің бір бөлшегі болуға мүмкіндік берсе, жанкүйерлер үшін әр қала, әр тау, әр арена тарихқа айналар сәттердің куәсі болуға жол ашады.

Ашылу салтанаты: Armonia және Италия мәдениетіне тағзым
2026 жылдың 6 ақпанында Миландағы әйгілі Сан-Сиро стадионы Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсіміне куә болады. «Armonia» («Үйлесім») тақырыбымен өтетін кеш спорт, өнер және инновацияны тоғыстырған ерекше мәдени қойылым ретінде ұйымдастырылмақ.
Бұл кеш Италияның бай тарихи мұрасын, заманауи креативті индустриясын және ұлттық рухын әлемге паш етеді. Ашылу салтанаты Олимпиаданың басты идеясын – бірлік пен бейбітшілікті, адам мүмкіндігінің шексіздігін және мәдениеттер үндестігін айшықтайтын символдық көрініске айналуы күтілуде.

Медаль: бірлік әрбір бөлшекте
2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындары аясында табысталатын ресми медальдар терең мағынаға ие ерекше дизайнмен әзірленген. Әр медаль екі бөліктен тұрады: бір жағы – тегіс әрі айнадай жылтыр, екінші жағы – бұдырлы құрылымда. Бұл шешім Милан мен Кортина-д’Ампеццо қалаларының символдық бірлігін, сондай-ақ спортшының жеңіс жолындағы командасы, отбасысы мен бапкерлерінің қолдауын білдіреді.
Медальдың алдыңғы бетінде Олимпиада шеңберлері (Паралимпиада нұсқасында – International Paralympic Committee бекіткен Agitos белгісі), ал артқы бетінде ойындардың ресми логотипі мен спорт түрінің атауы бейнеленген. Паралимпиада медальдарына қосымша Брайль қарпімен жазу енгізіліп, инклюзивтілік қағидаты айқын көрініс тапқан.
Медальдарды Istituto Poligrafico e Zecca dello Stato (IPZS) жаңартылатын энергия көздерін және экологиялық таза материалдарды пайдалана отырып дайындайды. Бұл – тұрақты даму қағидаттарына берілгендіктің айғағы.
Жалпы саны 1146 медаль әзірленеді. Әрқайсысы – тек спорттық жетістіктің белгісі ғана емес, бірлік пен ортақ еңбектің символы.