Астана қаласында шексіз мейірім мен асқақ рухты ұштастырған ерекше іс-шара өтті. Бұл басқосу аутизмі бар балалар мен олардың ата-аналарын бір арнаға тоғыстырып, өзара қолдау мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.
Іс-шараның басты ерекшелігі – оған қатысқан ата-аналардың қайсарлығы мен төзімі. Шын мәнінде, олардың әрқайсысын нағыз қаһарман деуге толық негіз бар. Себебі олар – ешқашан үзілмейтін үміттің, мұқалмайтын жігердің, қайсар рух пен шексіз сүйіспеншіліктің символы. Күнделікті өмірдің сан түрлі сынағына қарамастан, олар балалары үшін бар күш-жігерін жұмсап келеді.
Ал жиынға қатысқан әрбір бала – өз алдына бір әлем. Әрқайсысы ерекше, көрікті, дарынды және қайталанбас. Бұл балалардың бойындағы тазалық пен шынайылық кез келген жанды бейжай қалдырмайды.
Кездесу барысында білікті мамандар өз білімдерімен бөлісіп, аутизмі бар балаларды тәрбиелеу мен дамытуға қатысты маңызды ақпараттар ұсынды. Сонымен қатар ата-аналар да өз тәжірибелерімен бөлісіп, бір-біріне қолдау көрсетті. Мұндай форматтағы кездесулердің қоғам үшін маңызы зор екені анық. Олар ата-аналарға рухани күш беріп қана қоймай, болашаққа деген сенімін нығайтады.
Аталған игі шараны ұйымдастырған «Bolashak Charity» қоғамдық қоры мен оның жетекшісі Динара Гаплан ханымға ерекше алғыс білдіреміз. Осындай бастамалар арқылы қоғамда түсіністік пен жанашырлық мәдениеті қалыптасып келеді.
Қорытындылай келе, мұндай кездесулер – тек тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, жүректерді жақындастыратын, үміт сыйлайтын маңызды қадам. Себебі әлемді шынайы құтқаратын күш – ол түсіністік. Біз бір-бірімізді ұғына отырып, тең мүмкіндіктерге негізделген, біртұтас әрі берекелі қоғам құра аламыз.