Шымкент қаласындағы Арбат алаңында жас флористер мен дизайнерлердің қатысуымен ерекше шығармашылық байқау ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – жас таланттарды қолдау, олардың өнерін көпшілікке таныстыру және шығармашылық бағыттағы жаңа идеяларға серпін беру.
Байқауға қатысушылар флористика мен дизайн саласындағы тың жобаларын ұсынып, өздерінің креативті жұмыстары арқылы көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әсем гүл композициялары, заманауи сәндік безендірулер мен ерекше дизайнерлік туындылар алаңның көркін аша түсті.

Іс-шара барысында тұрғындар мен қала қонақтарына арналған мазмұнды мәдени бағдарлама ұйымдастырылды. Атап айтқанда, театрландырылған қойылымдар, концерттік нөмірлер, фотокөрмелер, суретшілер алаңы және қолөнер жәрмеңкесі көпшілік назарына ұсынылды. Шығармашылық атмосфераға толы кеш келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ерекше әсер қалдырды.
Мұндай бастамалар жастардың шығармашылық әлеуетін арттырып қана қоймай, қаланың мәдени өмірінің дамуына да оң ықпал етеді. Сонымен қатар, жас мамандардың тәжірибе алмасуына және жаңа идеяларды жүзеге асыруына мүмкіндік береді.
Шығармашылық пен өнер тоғысқан бұл байқау жас дарындардың жаңа белеске қадам басуына жол ашқан маңызды мәдени іс-шаралардың бірі болды.