Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиында мәдениет саласы өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың ел руханиятын дамытудағы ерекше рөлін атап өтті.

Мемлекет басшысы мәдениет пен өнердің ұлттық болмыс пен рухани тәуелсіздіктің негізі екенін айтып, осы салада еңбек етіп жүрген азаматтарға шынайы ризашылығын білдірді. Президенттің айтуынша, руханияты бай елдің болашағы жарқын, ал мәдени мұрасын сақтай білген халықтың мерейі әрдайым үстем болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде елімізде ауқымды саяси және әлеуметтік реформалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Бұл өзгерістердің басты мақсаты – Қазақстанды қуатты әрі бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде дамыту және жастарға жаңа мүмкіндіктер ашу. Президент Конституцияның ел тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің берік негізі екенін ерекше атап өтті.

Мемлекет басшысы мәдениет саласын қолдау мемлекеттің конституциялық міндетіне айналғанын айтты. Соңғы бес жылда мәдениет қызметкерлерінің жалақысы екі есеге өссе, биылдан бастап өнер қайраткерлеріне берілетін мемлекеттік стипендия көлемі де екі есеге ұлғаймақ. Өткен жылы елімізде 61 мәдениет нысаны салынып, 250-ден астам мекемеге жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Президент бірқатар мәдени мекемелерге жоғары мәртебе беру туралы бастама көтеріп, ұлттық мәдениетті дамытуға үлес қосқан өнер ұжымдарының еңбегін жоғары бағалады. Сонымен қатар дәстүрлі өнерді қолдау мақсатында «Асыл мұра» ұлттық сыйлығын тағайындау жөнінде шешім қабылданғанын жариялады.

Бұл бастама жыр, терме, күй секілді ұлттық өнерді дәріптеуге, дәстүрлі мәдениетті сақтауға және өнер иелерінің шығармашылығын қолдауға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Мәдениет пен өнерді дамыту – ұлттың рухани қуатын арттырып, ел бірлігін нығайтудың маңызды кепілі.