Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановн қабылдап, елімізде жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформаларды заңнамалық қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында Мәжіліс Төрағасы Мемлекет басшысына Парламенттің заң шығару қызметі, қабылданған заңдар, қаралып жатқан заң жобалары және халықаралық парламентаралық байланыстар жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Оның айтуынша, жаңа Конституция нормаларын іске асыру мақсатында жеті конституциялық заң қабылданып, реформалардың құқықтық негізі қалыптастырылды.
Аталған заңдар мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, саяси институттардың тиімділігін арттыруға және қоғам мен билік арасындағы өзара байланысты нығайтуға бағытталған. Заң жобаларын әзірлеу барысында сарапшылар, азаматтық қоғам өкілдері және қоғамдық ұйымдар кеңінен тартылып, ашық талқылау алаңдары ұйымдастырылды.
Мәжіліс сессиясы басталғаннан бері Парламент төменгі палатасы 89 заңды қабылдап, Сенаттың қарауына жолдады. Олардың қатарында Құрылыс кодексі, Цифрлық кодекс, жасанды интеллектті реттеу, банк жүйесін жаңғырту, ғылымды дамыту, құқық бұзушылықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытындағы маңызды құжаттар бар.
Қазіргі уақытта Мәжілісте 80 заң жобасы қаралуда. Олар жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру, техникалық және кәсіптік білім беру, телекоммуникация саласын дамыту, нотариат институтын жаңғырту және басқа да өзекті мәселелерді қамтиды.
Кездесуде парламенттік бақылау мен заң шығару қызметінің ашықтығын арттыру мәселелері де сөз болды. Сонымен қатар халықаралық парламенттік дипломатияны дамытуға ерекше назар аударылды.
Қорытындысында Президент Парламенттің атқарып жатқан жұмысына оң баға беріп, реформаларды сапалы іске асыру үшін заңнамалық базаны одан әрі жетілдірудің маңызын атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде дамуына және қоғамдық институттардың тиімділігін арттыруға ықпал етеді.