Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі бірегей спорт жобасы – «Атлетико де Мадрид Қазақстан» халықаралық футбол академиясына барды. Мемлекет басшысы академияның қызметімен, оқу-жаттығу үдерісімен және инфрақұрылымдық даму жоспарларымен танысты.

Сапар барысында Президентке академияның 180 балаға арналған заманауи жатақханасы көрсетілді. Қазіргі уақытта мұнда еліміздің әр өңірінен келген 116 жас футболшы тұрақты түрде жаттығып жүр. Оқу орны балалардың спорттық дамуына ғана емес, олардың білім алуына және толыққанды тәрбиесіне де қажетті барлық жағдайды қамтамасыз еткен.

Академияға қабылдау іріктеу жүйесі арқылы жүзеге асқан. Испандық бапкерлер Қазақстанның барлық өңірінен келген 4 мыңнан астам баланың ішінен үздіктерді таңдап алған. Бұл жүйе халықаралық стандарттарға сай кәсіби футболшыларды даярлауға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысына академияның болашақ даму жоспары таныстырылды. Жоспарға сәйкес, спорттық инфрақұрылымды кеңейту мақсатында жасанды көгалы бар екі ашық футбол алаңын салу, 500 орындық жабық манеж тұрғызу және әкімшілік-тұрмыстық кешеннің жаңа ғимаратын іске қосу көзделіп отыр. Бұл нысандар жас спортшылардың жан-жақты дамуына және жаттығу сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевқа академия орналасқан аумақты таңдауда табиғи факторлардың ерекше ескерілгені айтылды. Алматы облысы Талғар ауданындағы таулы аймақтың таза ауасы мен қолайлы климаты спортшылардың денсаулығын нығайтуға және олардың физикалық қалпына келуіне оң әсер етеді.

Президент FIFA стандарттарына сай салынған футбол алаңын аралап көріп, жас спортшылардың жаттығу процесін тамашалады. Жаттығу барысында балалар испандық әдістеме негізінде допты игеру техникасы мен командалық өзара іс-қимыл дағдыларын жетілдірумен айналысты. Мемлекет басшысы академияның оқу-жаттығу процесі халықаралық деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.