Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Кипр Республикасының Президенті Никос Христодулидистің келіссөздері екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты. Кездесу барысында тараптар саяси, экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын жан-жақты талқылады.
Мемлекет басшысы бұл сапардың тарихи мәніне тоқталып, Кипр Президентінің дипломатиялық қарым-қатынастар орнаған сәттен бері Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келіп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл оқиға екі ел арасындағы достық пен өзара түсіністіктің жаңа кезеңін айқындайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев шағын құрамда өткен келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге ортақ ниет расталғанын жеткізді. Президент Қазақстанның өзара тиімді келісімдерді іске асыруға дайын екенін атап өтіп, екі ел арасындағы саяси диалогтың тұрақты дамып келе жатқанын айтты.
Мемлекет басшысы Кипр Президентінің Еуропа Одағы Кеңесіне төрағалық ету кезеңінде Қазақстанға келуінің символдық маңызы бар екенін ерекше атап өтті. Ол Кипрдің халықаралық аренадағы беделін нығайту бағытындағы еңбегіне жоғары баға беріп, бұл миссияның табысты аяқталуына тілектестік білдірді.
Президент Қазақстан мен Кипр арасындағы дипломатиялық байланыстардың институционалдық негізі нығайғанын атап өтті. Астана мен Никосия қалаларында елшіліктердің ашылуы екіжақты қатынастарды жүйелі түрде дамытуға жол ашты. Сонымен қатар Ларнака – Астана бағытындағы алғашқы тікелей әуе рейсінің іске қосылуы елдер арасындағы байланысты одан әрі жақындатқан маңызды қадам ретінде бағаланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі сауда-экономикалық көрсеткіштер екі елдің нақты әлеуетіне толық сәйкес келмейтінін айтып, негізгі міндет – саяси ерік-жігерді нақты экономикалық нәтижеге айналдыру екенін жеткізді. Бұл бағытта инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше мән берілетіні атап өтілді.