Астанада өткен «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз ету ісіндегі рөлі» атты халықаралық форумда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі құқықтық реформалардың маңызына тоқталып, инвестициялық ахуалды жақсарту және сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен баяндады.
Президент өз сөзінде Қазақстанның инвестиция тарту бойынша өңірдегі жетекші мемлекетке айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, елімізде шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасау мақсатында заманауи құқықтық және институционалдық тетіктер қалыптастырылған. Соның ішінде Астана халықаралық қаржы орталығының Соты мен Халықаралық арбитраж орталығы ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген қызмет атқарып келеді. Бұл халықаралық бизнес өкілдерінің сенімін арттырып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қосымша мүмкіндіктер береді.

Форум барысында Мемлекет басшысы жаңа Конституцияға енгізілген нормалардың елдің инвестициялық әлеуетін арттырудағы рөліне де тоқталды. Атап айтқанда, қаржы саласына және қарқынды дамып келе жатқан қалаларға арнайы құқықтық режим енгізу қарастырылған. Осыған байланысты жақында қабылданған «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» конституциялық заңның маңызы ерекше екені айтылды.

Президенттің пікірінше, бұл заң болашақтың «ақылды қаласын» қалыптастыруға қажетті құқықтық негізді қамтамасыз етеді. Арнайы құқықтық режим мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып қана қоймай, сот жүйесінің де ерекше тәртіппен жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.Мемлекет басшысы Алатау қаласын цифрлық агломерацияға және жаңа технологияларды тартудың өңірлік орталығына айналдыру стратегиялық мақсат екенін айтты.

Форумда Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев, Cove Capital компаниясының басшысы Пини Альтхаус, Alstom компаниясының басқарушы директоры Жером Бойе, Германия экономикасының Орталық Азиядағы өкілдігінің басшысы Эдуард Кинсбрунер және Freedom Holding Corp компаниясының бас директоры Тимур Турлов сөз сөйлеп, әкімшілік әділеттің дамуы мен инвестициялық ортаны жетілдіру мәселелері жөнінде пікір алмасты.
