Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік рәміздер күніне орай қазақстандықтарды құттықтап, ұлттық нышандардың ел бірлігі мен тәуелсіздігінің басты символдары екенін атап өтті.
Президенттің айтуынша, Елтаңба – елдігіміздің айшықты белгісі, Әнұран – азаттығымыздың айбынды үні, ал Көк Ту – тәуелсіздігіміздің тұмары. Ол халқымыздың тарих бойы бір тудың астына бірігіп, ынтымақ пен татулықты сақтап келгенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция Қазақстанның алдағы ондаған жылдарға арналған негізгі даму бағдарына айналатынын жеткізді. Мемлекет басшысы Негізгі заңның қазіргі жаһандық сын-қатерлер кезеңінде ел дамуының берік темірқазығы болатынын атап өтті.
Президенттің мәлімдеуінше, жаңа Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Тамыз айында бір палаталы Құрылтай сайлауы өткізіліп, қыркүйекте Қазақстан Халық Кеңесі құрылады. Осылайша, ел ауқымды саяси жаңғыру кезеңіне қадам басады.
Мемлекет басшысы азаматтардың басым бөлігі заң үстемдігін нығайтуға және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған бастамаларды қолдайтынын айтты. Сонымен қатар қазақстандықтардың «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысып, еріктілік пен қайырымдылық жұмыстарға атсалысып жүргенін ерекше атап өтті.
Президент жастарды ел тағдырына жауапкершілікпен қарауға, мақсатқа ұмтылып, мемлекет мүддесі үшін адал еңбек етуге шақырды. Оның пікірінше, жасампаз отаншылдық – нақты іспен дәлелденетін қасиет.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи мұраны сақтау бағытындағы жұмыстарға тоқталып, Жошы хан жерленген Ұлытау өңіріне облыс мәртебесі берілгенін және Жошы ұлысын зерттеу институты құрылғанын айтты. Президенттің сөзінше, жуырда Қазақстан тарихының жеті томдық академиялық еңбегі жарық көрмек, оның бір томы толықтай Алтын Орда тарихына арналмақ.