Шымкент қаласында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес мегаполисте ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға арналған заманауи оңалту орталығының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.
Бозарық шағынауданында бой көтеріп жатқан нысанның жалпы аумағы 5,3 гектарды құрайды. 150 орынға есептелген орталықтың құрылысы 2024 жылдың желтоқсан айында басталған болатын. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 60 пайызы аяқталып, жоба белгіленген кестеге сәйкес жүзеге асырылуда.
Жоба бес блоктан тұрады және халықаралық стандарттарға сай жабдықталады. Орталықта І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Бұл қызметтер олардың өмір сүру сапасын жақсартуға, қоғамға бейімделуіне және жан-жақты әлеуметтік қолдау алуына мүмкіндік береді.
Кешен құрамында заманауи спорт залы, емдік-сауықтыру бассейні, акт залы, үш қабатты оңалту корпусы, кең асхана, екі қабатты стационар және қажетті техникалық нысандар қарастырылған. Мұнда келушілердің денсаулығын қалпына келтіруге, әлеуметтік бейімделуіне және белсенді өмір салтын қалыптастыруына барлық жағдай жасалады.
Қазіргі таңда нысан құрылысында 262 жұмысшы еңбек етуде. Құрылыс жұмыстары сапа талаптары мен қауіпсіздік стандарттарына толық сәйкес жүргізілуде. Жауапты мердігерлер жобаны белгіленген мерзімде аяқтау үшін барлық қажетті шараларды қолға алған.
Жоспарға сәйкес, оңалту орталығы 2026 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі. Бұл жоба ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау жүйесін жетілдіруге, олардың өмір сапасын арттыруға және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Жаңа орталықтың ашылуы Шымкент қаласының әлеуметтік жауапкершілігі жоғары, инклюзивті әрі қолайлы орта қалыптастыруға ұмтылған заманауи мегаполис ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайта түседі.