«Әділет» партиясының жастар қанаты «Таза Qazaqstan» Road-эстафетасын бастады. Ауқымды экологиялық акция аясында 5 мыңға жуық жас азамат 13–16 қазан аралығында «Астана – Өскемен» бағытындағы автожол бойын қоқыстан тазалауға атсалысады. Тазалық жұмыстарының жалпы аумағы шамамен 1800 шақырымды құрайды.
Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында ұйымдастырылды. Оның негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің тазалығын сақтау және азаматтардың экологиялық жауапкершілігін арттыру.
Road-эстафетаға Құрылтай депутаттары, партия өкілдері, мемлекеттік органдар қызметкерлері мен белсенді жастар қатысуда. Акция барысында Ақмола, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстары қамтылып, қатысушылар 10 аудан мен 59 ауылға барады. Олар жол бойындағы аумақтарды тазалап, тұрғындарды табиғатты қорғауға және қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға шақырады.
«Әділет» партиясы Төрағасының орынбасары Ержан Жылқыбаев экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызын атап өтті.
«Табиғатқа жанашырлық – халқымыздың қанына сіңген қасиет. Мемлекет басшысы жүргізіп жатқан жүйелі реформалардың нәтижесінде мемлекетіміз жаңа дәуірге қадам басты. Президентіміз экономикалық, әлеуметтік, цифрлық дамудан бөлек, «Таза Қазақстан» бастамасына да көп көңіл бөледі. Себебі қоғамның тазалығы әрқайсымыздан басталуы керек. Сананың тазалығы, айналамыздың тазалығы табиғатқа деген жанашырлықтан басталады», – деді ол.
«Таза Qazaqstan» Road-эстафетасы – жастарды ортақ мақсатқа жұмылдырып, экологиялық жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды бастама. Мұндай акциялар тазалықты бір реттік шара емес, күнделікті өмір салтына айналдыруға ықпал етеді.
Қоршаған ортаны қорғау – баршаға ортақ міндет. Әр азаматтың жауапкершілігі мен белсенділігі таза әрі қауіпсіз Қазақстан қалыптастыруға негіз болады.