Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының VIII Консультативтік кездесуінде волонтерлік қозғалысты дамыту және жастардың азаматтық белсенділігін арттыру жөнінде ұсыныс білдірді.
Президент «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының тәжірибесін аймақтық деңгейде кеңінен қолданудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бұл бастама жастарды адамгершілікке, жауапкершілікке және азаматтық құндылықтарға тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.
Мемлекет басшысы аталған жобаның тәжірибесін Орталық Азия елдері арасында тарату арқылы ортақ экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоғамдық маңызы бар бастамаларды бірлесіп жүзеге асыруға мүмкіндік бар екенін атап өтті. «Еліміздің «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық жобасын іске асырудағы тәжірибесін аймақтық деңгейде қолға алуға болады. Бұл бастама жастарды адамгершілік және азаматтық құндылықтарға баулиды. Сондықтан келесі жылы «Орталық Азия – ізгі істер мекені» деген ұранмен волонтерлік мәселесіне қатысты жастар форумын өткізуді ұсынамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ұсынылып отырған форум өңір жастарының өзара тәжірибе алмасуына, еріктілер қозғалысын дамытуға және әлеуметтік маңызы бар жобаларды ілгерілетуге жол ашуы мүмкін. Сонымен қатар жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауына және ортақ жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Бүгінде волонтерлік қозғалыс қоғамдағы өзара көмек пен ынтымақтастықты нығайтудың маңызды тетіктерінің бірі саналады. Осы бағыттағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту Орталық Азия елдерінің жастарын ортақ мақсаттар төңірегінде біріктіруге мүмкіндік береді.
Форум аясында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, әлеуметтік жобаларды дамыту және волонтерлік қызметке жастарды кеңінен тарту мәселелеріне басымдық берілуі мүмкін. Қатысушылар өз елдеріндегі еріктілер қозғалысының үздік тәжірибелерімен бөлісіп, өңірлік деңгейде бірлескен бастамаларды жүзеге асыру жолдарын талқылауға мүмкіндік алады.