Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасы Марлен Маматалиевті қабылдады. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту, парламентаралық байланыстарды дамыту және өңірлік өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы Марлен Маматалиевтің Қазақстанға алғашқы ресми сапарының маңызына тоқталып, оның қазақ-қырғыз ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеруге серпін беретінін атап өтті.

– Елімізге арнайы келгеніңізге қуаныштымыз. Бұл сапар екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін береді деп сенемін. Біздің мемлекеттеріміз арасында ешқандай түйткіл немесе түсініспеушілік жоқ. «Қазақ-қырғыз – бір туған» деген қанатты сөз халықтарымыздың тарихи тағдырын, рухани жақындығы мен достық байланысын айқын көрсетеді. Біз бауырлас ел ретінде өзара қарым-қатынасты одан әрі нығайта береміз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ Қырғыз Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуындағы оң өзгерістерге назар аударып, бауырлас мемлекеттің жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтті. Президент Қазақстан тарапы Қырғызстанның қол жеткізіп отырған жетістіктерін әрдайым қолдайтынын жеткізді.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қырғыз Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануын тарихи оқиға ретінде бағалады. Оның айтуынша, бұл жетістік тек Қырғызстан үшін ғана емес, тұтас Орталық Азия өңірінің халықаралық беделін арттыратын маңызды қадам болып табылады.

Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың атына арнайы құттықтау хат жолдағанын айтты.

Тараптар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды одан әрі тереңдетуге, саяси диалогты және парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға өзара мүдделі екенін растады.