Президент Қасым-Жомарт Тоқаев асыл тұқымды Ақалтеке жылқыларын арнайы барып көрді. Мемлекет басшысы қазақ халқының жылқы түлігіне деген ерекше құрметі мен жылқы шаруашылығының ұлттық мәдениеттегі маңызды орнына назар аударды.
Жуырда екі бие құлындап, Ақалтеке тұқымының қатары жаңа төлмен толықты. Президент жаңа туған құлындарды ерекше ықыласпен тамашалап, оларға Ақниет және Бөрте деген есім берді.
Мемлекет басшысы халқымыздың жылқы түлігіне қатысты бай рухани мұрасын еске алып, «Ер жетіліп, бас болар, тай жетіліп, ат болар» деген тәмсілді айтты. Сонымен қатар құлындардың аман-есен өсіп, желмен жарысқан жүйрік аттарға айналуына тілектестік білдірді.
Ақалтеке – әлемдегі ең көне әрі бірегей жылқы тұқымдарының бірі. Өзінің сымбаттылығымен, төзімділігімен және жоғары жылдамдығымен ерекшеленетін бұл тұқым көптеген халықтардың мәдени мұрасында ерекше орын алады. Қазақстанда да асыл тұқымды жылқыларды өсіру, олардың генетикалық қорын сақтау және ұлттық ат спорты дәстүрлерін дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
Президенттің асыл тұқымды жылқыларды арнайы барып көруі ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, халқымыздың жылқы өсіру дәстүрін насихаттауға және тарихи-мәдени мұраны сақтауға бағытталған мемлекеттік саясаттың сабақтастығын көрсетеді.
Қазақ халқы үшін жылқы – тек көлік немесе шаруашылықтың бір бөлігі ғана емес, ол еркіндік пен тектіліктің, батырлық пен ұлттық рухтың символы. Сондықтан елімізде жылқы шаруашылығын дамытуға, асыл тұқымды жылқыларды қорғауға және ұлттық ат спортының дамуына ерекше көңіл бөлініп келеді.
Мемлекет басшысының Ақниет пен Бөрте деп атаған жаңа туған құлындары ұлттық дәстүрдің сабақтастығын, табиғатқа жанашырлықты және халқымыздың рухани құндылықтарына деген құрметті айшықтайтын тағылымды оқиға болды.