Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Қаржы корпорациясының халықаралық даму жөніндегі атқарушы директоры Бен Блэкті қабылдады. Кездесу барысында Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы инвестициялық және экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы мейманға ілтипат білдіріп, оның Қазақстанға сапары Вашингтонда қол жеткізілген келісімдердің заңды жалғасы әрі екі ел арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті.
Президенттің айтуынша, АҚШ Президенті Дональд Трамптың әкімшілігі қызметіне кіріскеннен кейін Вашингтонның Астанамен және тұтастай Орталық Азия өңірімен ықпалдастығы айтарлықтай жандана түсті.
– Біз АҚШ Президентінің дипломатияға деген батыл көзқарасын және прагматикалық ұстанымын толық қолдаймыз. Қазақстан Американың Ибраһим келісімдері, Бейбітшілік кеңесі, TRIPP бастамасы және басқа да негізгі жобаларын ілгерілетуге белсенді атсалысуда. Бірлескен күш-жігеріміз бүгінде бұрынғыдан да беки түскен кеңейтілген стратегиялық серіктестігімізге тың серпін берді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Бен Блэктің сапары Қазақстандағы ауқымды саяси және экономикалық реформалар кезеңімен тұспа-тұс келіп отырғанына ерекше назар аударды. Президенттің айтуынша, елімізде жүзеге асырылып жатқан өзгерістер экономиканы ресурстық тәуелділіктен арылтып, білімге, инновацияға және жоғары технологияларға негізделген әртараптандырылған даму моделін қалыптастыруға бағытталған.
Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Қаржы корпорациясының инвестициялық басымдықтары Қазақстанның ұзақ мерзімді даму стратегиясымен толық үндесетінін атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан тарапы инфрақұрылым, энергетика, көлік-логистика, цифрландыру және адам капиталын дамыту бағыттарында нақты әрі өзара тиімді жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.
Кездесу қорытындысында тараптар Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға және инвестициялық ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамытуға өзара мүдделі екенін растады.