Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасы Марлен Маматалиев Мемлекет басшысына қабылдау көрсеткені үшін алғыс айтып, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың ыстық ықыласы мен ізгі тілегін жеткізді.

Марлен Маматалиев Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси және конституциялық реформаларға жоғары баға берді. Оның айтуынша, аталған өзгерістер әділетті және заманауи Қазақстанды қалыптастыруға берік негіз қалап, елдің орнықты дамуына жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.

– Қырғыз тарапы Сіздің басшылығыңызбен іске асырылған ауқымды конституциялық өзгерістерді толық қолдайды. Бұл реформалар әділетті әрі озық Қазақстанды құруға берік негіз қалайды. Сізге және бауырлас Қазақстан халқына бейбітшілік пен бақ-береке тілеймін. Қолға алған реформаларды табысты жүзеге асыруларыңызға тілектеспін, – деді Жогорку Кенеш Төрағасы.

Кездесу барысында парламентаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды. Тараптар жоғары деңгейде қол жеткізілген екіжақты келісімдер мен уағдаластықтарды заңнамалық тұрғыдан тиімді қамтамасыз етудің маңыздылығына ерекше назар аударды. Сонымен қатар парламенттер арасындағы өзара іс-қимылды жандандыру, заң шығару саласындағы тәжірибе алмасу және өңірлік ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қарастырылды.

Президент пен Жогорку Кенеш Төрағасы Қазақстан мен Қырғызстанда жүргізіліп жатқан жүйелі әлеуметтік-экономикалық реформалар жөнінде мазмұнды пікір алмасты. Екі елдің экономикалық әлеуетін арттыру, халықтың әл-ауқатын жақсарту және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру бағытындағы бастамалардың маңыздылығы атап өтілді.

Кездесу қорытындысында тараптар Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды одан әрі жан-жақты дамытуға, бауырлас халықтардың достығы мен өзара сеніміне негізделген ынтымақтастықты нығайтуға өзара бейілді екенін растады.