Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Черногория Президенті Яков Милатович шағын құрамда келіссөз жүргізді. Бұл – Черногория мемлекеті басшысының Қазақстанға алғашқы ресми сапары.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Яков Милатовичтің сапарына ерекше мән берілетінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл сапар екі ел арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге және екіжақты байланыстарға тың серпін беруге мүмкіндік береді.
– Президент мырза, Қазақстанға ресми сапармен келгеніңізге өте қуаныштымын. Черногория мемлекеті басшысының алғашқы тарихи сапарына ерекше мән беріп отырмыз. Мұны еліміз үшін өте маңызды оқиға ретінде қарастырамыз. Келіссөздеріміздің нәтижесі екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беретініне сенімім кәміл, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сондай-ақ Қазақстан азаматтарының Черногорияны жақсы білетінін және көптеген отандастарымыздың жыл сайын аталған елде демалып қайтатынын атап өтті. Сонымен қатар Черногорияны тәуелсіздігінің 20 жылдығымен құттықтап, осы уақыт ішінде екі мемлекет арасында достыққа негізделген өзара қарым-қатынас қалыптасқанын жеткізді.
Өз кезегінде Черногория Президенті Яков Милатович Қазақстанға шақырғаны үшін ризашылығын білдіріп, бұл сапардың тарихи маңызын атап өтті.
– Бұл – Черногория Президентінің Қазақстанға алғашқы ресми сапары. Бүгін біз екіжақты ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейте түсеміз деп сенемін. Мен мұнда достас елдің өкілі ретінде келдім. Бұл сапар байланыстарымыздың жоғары деңгейге көтерілгенін көрсетеді, – деді Яков Милатович.
Кездесу барысында тараптар саяси диалогты нығайту, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, туризм мен мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Черногорияның іскерлік орта өкілдерінің сапарға қатысуы және екі елдің сауда палаталары ұйымдастыратын бизнес-форум жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және өзара тиімді серіктестікті тереңдетуге ықпал ететіні атап өтілді.