Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Черногория Президенті Яков Милатович кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен өткен кездесуде саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың келешегі жан-жақты талқыланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Черногорияны Қазақстанның Балқан түбегіндегі сенімді әрі маңызды серіктестерінің бірі ретінде атап өтті. Президенттің айтуынша, екі мемлекет арасындағы қарым-қатынас өзара құрмет пен сенім қағидаттарына негізделген және соңғы жылдары жоғары деңгейдегі саяси байланыстардың арқасында тұрақты дамып келеді.

Келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Черногория басшылығының Еуропа Одағына мүше болуға бағытталған сындарлы және дәйекті саясатына жоғары баға берді. Мемлекет басшысы Президент Яков Милатовичтің реформаларды жүзеге асыру мен елдің халықаралық беделін нығайту жолындағы қызметіне тоқталып, осы стратегиялық мақсатқа жету жолында табыс тіледі.

Президент Қазақстанның Черногориямен серіктестік қатынастарды жаңа деңгейге көтеруге мүдделі екенін жеткізді. Оның айтуынша, Подгорица қаласында Қазақстан Республикасының Бас консулдығының ашылуы Астананың екіжақты байланыстарды одан әрі кеңейтуге ниетті екенін көрсетеді. Осы орайда Мемлекет басшысы елордада Черногорияның дипломатиялық миссиясын ашу және парламентаралық ынтымақтастықты күшейту жөніндегі бастамалардың маңызын ерекше атап өтті.

Кездесуде сауда-экономикалық әріптестікті дамыту мәселелеріне де баса назар аударылды. Мемлекет басшысы бизнес өкілдерінің бүгінгі кездесуі мен екі елдің сауда палаталары арасында қол қойылатын Өзара түсіністік туралы меморандум іскерлік байланыстарды нығайтуға тың серпін беретініне сенім білдірді.

– Қазақстан нарығына кіргісі келетін черногориялық компанияларды қуана қарсы аламыз. Кәсіпкерлеріңізге қолайлы жағдай жасауға дайынбыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Келіссөздер қорытындысы Қазақстан мен Черногория арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге, саяси диалогты жандандыруға және жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға берік негіз қалайды деп күтілуде.