Брюссельге ресми сапармен барған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі уақытта Бельгияда білім алып, еңбек етіп жүрген Қазақстан азаматтарымен кездесті. Басқосуға студенттер, жас мамандар және түрлі халықаралық ұйымдарда қызмет атқарып жүрген отандастар қатысты.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы отандастарымызды еліміздің жаңа Конституциясының қабылдануымен құттықтады. Президенттің айтуынша, жалпыхалықтық референдумда азаматтар жаңа Ата заңды бір ауыздан қолдап, еліміздің болашақ дамуы үшін маңызды таңдау жасады.

– Жалпыхалықтық референдумда халқымыз бірауыздан, біртұтас қоғам болып Конституциямызды қолдады. Өте керемет құжат, 1 шілдеде күшіне енеді. Ата заңымыз халқымыздың темірқазығы болады. Сондықтан баршаңызды шын жүректен жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы шетелде білім алып, кәсіби тәжірибе жинақтап жүрген жастарға мемлекет әрдайым қолдау көрсететінін атап өтті. Президент жастардың білімі мен бәсекеге қабілеттілігі еліміздің ұзақ мерзімді дамуының басты факторларының бірі екенін айтты.
– Елімізге сіздер сияқты білімді, көзі ашық, көкірегі ояу жастар қажет. Жастарға қолдау көрсету – мемлекеттің ұзақмерзімді саясатының бір бөлігі. Қай жерде жүрсеңіз де, қазақ болып қаласыз. Біз озық, дамыған, әділетті ел болуымыз керек. Осындай елдің негізін қалау үшін бәріміз бір ел, бір халық болып атсалысуымыз керек, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияда білім, ғылым және инновацияны дамыту мемлекеттің стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде айқындалғанына тоқталып, жастарды бірнеше шет тілін меңгеруге, жаңа білім мен дағдыларды игеруге шақырды.
Кездесу барысында отандастар оқу мен еңбек жолындағы жетістіктері жөнінде айтып, келешек жоспарларымен бөлісті. Атап айтқанда, KU Leuven университетінің үшінші курс студенті Әлім-Сері Махамбәтәлі Бельгиядағы қазақстандық студенттер қауымдастығының жұмысы туралы баяндаса, Аружан Болатбекова Брюссельдегі Kazakh Speaking Club қызметін таныстырды.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Бельгияда тұратын студенттер мен Қазақстан азаматтарына табыс тілеп, олардың білімдері мен тәжірибесі елдің өркендеуіне қызмет ететініне сенім білдірді.