Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Саида Мирзиёеваны қабылдады. Кездесу барысында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Саида Мирзиёеваның Астанаға сапары екі ел арасындағы көпжоспарлы байланыстарды дамыту тұрғысынан ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынас Орталық Азиядағы тұрақтылық пен өңірлік ықпалдастықты нығайтудың маңызды факторына айналып отыр.

– Сіздің сапарыңыз Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ортақ ынтымақтастықты дамыту үшін өте пайдалы болады деп санаймыз. Біздің саяси жүйелерімізде президент әкімшіліктері айрықша рөл атқарады. Бір-бірімізбен байланыстарымыз артқан сайын Орталық Азиядағы тұрақтылық пен өңірлік ықпалдастық нығая түседі. Бізге бейбітшілік пен қауіпсіздік қажет. Сонда ғана реформаларды сәтті іске асыра аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сондай-ақ 2026 жылдың Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланғанына тоқталып, осы бағытта Өзбекстанның қол жеткізген жетістіктеріне жоғары баға берді.
– Біз Өзбекстанның көптеген салада, соның ішінде жасанды интеллектіні енгізу мен цифрландыру бағытында қол жеткізген табыстарымен танысуға мүмкіндік алдық. Әлем жасанды интеллектіні қарқынды түрде дамытуға бет бұрды. Осы орайда біз де қазіргі заман ағымына ілесе білуіміз керек, – деді Президент.
Өз кезегінде Саида Мирзиёева Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің ізгі сәлемін жеткізіп, Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты тереңдетуге Ташкент ерекше мән беретінін атап өтті.
– Өзбекстан мен Қазақстан Орталық Азиядағы тұрақтылық және орнықты даму жолында бірге жұмыс істеп жатыр. Біз бірлесе отырып, аймақ үнін жаһандық аренаға жеткізе аламыз. Қазақстан – біздің сенімді одақтасымыз, – деді Өзбекстан Президенті Әкімшілігінің Басшысы.