Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Коштамен және Еуропалық Комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйенмен келіссөздер жүргізді. Жоғары деңгейдегі кездесу барысында Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы жан-жақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі дамыту перспективалары талқыланды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы байланыс екіжақты ынтымақтастық тарихындағы ең жоғары деңгейге жеткенін атап өтті. Оның айтуынша, өзара сенім мен құрметке негізделген қарым-қатынас шынайы стратегиялық сипатқа ие болды.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Еуропалық Одақпен барлық бағыттағы ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі екенін айтып, жаңадан қол қойылған келісімдер мен меморандумдар тараптардың өзара ықпалдастықты одан әрі нығайтуға деген ұмтылысын айқын көрсететінін жеткізді.

Келіссөздер барысында сауда-экономикалық және инвестициялық әріптестікті дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Президент бүгінде Еуропалық Одақ Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі екенін атап өтті. Еуропалық компаниялар еліміздің түрлі салаларына инвестиция салып, экономиканың дамуына елеулі үлес қосып келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика байланыстарын нығайту мәселелеріне де тоқталды. Атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік бағдары – Орта дәліздің әлеуетін арттыру және оны Еуропалық Одақтың Global Gateway бастамасымен ұштастыру перспективалары қарастырылды. Сонымен қатар аса маңызды шикізат материалдарын игеру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, технология трансфері және бірлескен өндірістік жобаларды іске асыру бағытындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы энергетика, цифрлық трансформация, ауыл шаруашылығы, су қауіпсіздігі және климат мәселелері бойынша әріптестікті кеңейтудің маңызын атап өтті. Сондай-ақ білім беру, ғылым және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға ерекше мән берілді. Президент Erasmus+, Horizon Europe және басқа да білім беру бағдарламалары аясындағы ынтымақтастықтың маңызын атап өтіп, Қазақстанның Horizon Europe бағдарламасы бойынша қауымдастырылған ел мәртебесін алуға ниетті екенін жеткізді.