Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында Guoyou Materials Industry Group Co., Ltd компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Юй Боянмен кездесті. Кездесу барысында порт инфрақұрылымын дамыту және көлік-логистика саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың келешегі жан-жақты талқыланды.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі жетекші көлік және логистикалық хабтардың біріне айналу жөніндегі стратегиялық мақсатына тоқталып, халықаралық көлік дәліздерін дамыту елдің экономикалық саясатының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, транзиттік әлеуетті тиімді пайдалану Қазақстанның өңірлік және жаһандық саудадағы орнын нығайтуға мүмкіндік береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан аумағында мультимодальді портты хаб құру жөніндегі бастаманы жоғары бағалап, оның халықаралық жүк тасымалын ұлғайтуға және Каспий бағытының мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ететінін айтты. Осыған байланысты Guoyou Materials Group компаниясының Маңғыстау облысында Құрық көпфункционалды портын салу жөніндегі жобасы ерекше маңызға ие екені атап өтілді.

Президенттің пікірінше, аталған жобаны іске асыру теңіз және теміржол логистикасын тиімді ұштастырып, өңірдегі көлік инфрақұрылымының өткізу қабілетін айтарлықтай арттырады. Сонымен қатар бұл бастама Қазақстанның экспорттық және транзиттік әлеуетін күшейтіп, халықаралық көлік дәліздерінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында Guoyou Materials Industry Group Co., Ltd директорлар кеңесінің төрағасы Юй Боян Мемлекет басшысына жобаның негізгі кезеңдері туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді. Оның айтуынша, Құрық көпфункционалды порты пайдалануға берілген алғашқы жылдың өзінде жүк өткізу көлемін 15 миллион тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ компания Каспий теңізіндегі жүк тасымалының әлеуетін кеңейтуге және өңірлік логистикалық байланыстарды дамытуға мүдделі екенін жеткізді.